Енді мерзімді әскери қызметтегілерге несие берілмеуі мүмкін

222
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OfHv5FHK2wEzkKCtIgLdPya6VQo4cgw3vnl5Q7t0.jpg

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы мәліметтермен алмасу қағидаларын бекіту жөніндегі қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды "Адырна".

Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасындағы ақпарат алмасу тәртібі нақты көрсетілген. Бұл механизм әскери қызмет кезеңінде қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруға және жеке тұлғаның кредиттік есебінде тиісті мәртебені көрсетуге арналған.

Қаулы жобасына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары шақырту алған азаматтың кредит алу жөніндегі өтінімін қарағанда, оның кредиттік есебіндегі мәртебесін тексеруі қажет. Егер жеке тұлға мерзімді әскери қызметте екенін көрсететін ақпарат болса, кредит беру өтінімі қабылданбайды. 

Агенттік мәліметінше, бұл бастама «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заң талаптарын іске асыруға бағытталған және әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық жағынан теріс салдар тудырмайды. 

Еске салсақ, өткен жылы мерзімді әскери қызметтегі азаматтардың 9 млрд теңгеден астам несиесі төлемді кейінге шегерумен рәсімделген болатын. 

Комментарии
Другие материалы