Несие несібе емес. Сонда не?

245
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XF8ORgt3hSv74ufEvg04Sjz84Ynm9XxzuemnYEzk.jpg

 Қазақстанда соңғы жылдары несиесі бар адамдар саны артты. Ол күнделікті өмірдің бір бөлігіне, тіпті әлеуметтік нормаға айналды. Тоңазытқыш та, телефон да, мектепке жиналу да, дәрі-дәрмек те бәрі «ай сайын төлей салуға» болатын дүние болып кетті.

     Бұл өзгеріс бір күнде болған жоқ. Ол экономикалық қысымның, әлеуметтік нормалардың, психологиялық бейімделудің және жүйелік саясаттың салдары. Қазақстан біртіндеп несиемен өмір сүруге үйреніп алды.

ӨМІР СҮРУ ҮШІН АЛЫНҒАН ҚАРЫЗ

Ринат 34 жаста. Ол өзін жауапсыз адам санамайды. Жұмысы бар, табысы орташа. Бірақ бірнеше несиесі бар.

«Басында бәрі дұрыс сияқты көрінді. Қазір жалақымның жартысы банкке кетеді. Өмір сүріп жатқандай емеспіз, тек есеп айырысып жүрміз».

   Бұл Ринаттың ғана басындағы жағдай емес. Бұл елдегі көптеген адамдар өмірінің айқын көрінісі.

«Ең қиыны той үшін алынған несие. Тұңғышымның 1 жас тойын дүркіретіп атап өтемін деп, ойланбастан несиеге бас сұқтым. Жас отбасымыз, әйелім декреттік демалыста. Түсініп тұрғандарыңыздай табыс көзі де нашар. Ауыртпалығын өзім көріп жүрмін. Бұндай қазақылықты қою керек дер едім».

БҰҒАН НЕ СЕБЕП?

     Мұның бір себебі - табыстың тұрақсыздығы. Екінші себебі - өмір сүру шығындарының үздіксіз өсуі. Үшінші себебі - кредиттің шектен тыс қолжетімді болуы. Осы үш фактор біріккенде, қарыз алу қалыпты мінез-құлыққа айналады. 

ЕҢ ҚАУІПТІСІ - ҮМІТПЕН АЛЫНҒАН НЕСИЕ

 Қаржылық коуч Айгүл Сұлтанбергеннің айтуынша, адамдар кредиті көбіне болашақтағы гипотетикалық табысқа сүйеніп алады. «Жалақым өседі, бір амалын табамын, бәрі реттеледі» деген үміт бар, бірақ есеп жоқ.

  Практикада бұл үміт сирек ақталады. Несиетөлемі өзгермейді, ал табыс сол қалпында қалады. Салдарынан, адам бір қарызды екіншісімен жабуға мәжбүр болады.

ҚАРЫЗДЫҢ НАҚТЫ КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ?

    2025 жылдың бар болғаны сегіз айында банктер халыққа 12,9 трлн теңгеге несие берген. Өсім 14,7%-ды құрайды. Ең үлкен үлесті тұтынушылық кредиттер сақтап тұр - олардың көлемі 16 трлн теңгеге жетіп, бір ай ішінде 2,1% өсті.

«НЕСИЕ - БАЙ БОЛУДЫҢ ЕМЕС, ҚҰЛАМАУДЫҢ ҚҰРАЛЫ»

 Экономист, қаржыгер Талғат Игіліков бұл жағдайды былай түсіндіреді:

«Қазақстандағы несиеге тәуелділік -  адамдардың ақшаны бей-берекет шашқанынан емес. Бұл - табыс пен өмір құны арасындағы алшақтықтың салдары. Адам орнында тұр, ал шығындар жүгіріп бара жатыр», - дейді.

  Оның айтуынша, соңғы бес-жеті жылда азық-түлік, тұрғын үй, жалдау ақысы, медицина мен білім беру қызметтері айтарлықтай қымбаттады. Ал жалақы бұл өсімге ілесе алмады. Осы жағдайда несие «жақсы өмірдің» емес, қалыпты деңгейді сақтаудың амалына айналды. Бұл - өте маңызды айырмашылық.

    Талғат Игіліков тағы бір қауіпті тенденцияны атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда несие алу процесі шамадан тыс жеңілдетілген.

«Ақшаны 1 минутта, анықтамасыз, тек телефон арқылы алу – бұл қаржы құралы емес, эмоционалдық шешім».

     Мұндай қолжетімділік адамдарды есепсіз қадамға итермелейді және қарызды тұрмыстық рефлекске айналдырады.

ҚАРЫЗ ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

     Экономикалық тұрғыдан ең алаңдатарлық жайт кредиттің құрылымы. Бұрын негізгі үлесті ипотека мен автокредит құраса, қазір өсімнің негізгі бөлігі тұтынушылық және микронесиелерге тиесілі.

«Ипотека мен автокредит тек мемлекеттік бағдарламалармен ғана өсіп отыр. Ал қалғаны қысқа, қымбат, мақсатсыз қарыздар. Бұл кедейліктің индикаторы», - дейді Талғат Игіліков.

    Яғни, несие енді даму құралы емес, әлеуметтік амортизатор рөлін атқарып отыр.

 

«НЕСИЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРҒАНЫС МЕХАНИЗМІ»

Қаржылық коуч Айгүл Сұлтанберген бюджетті жоспарлау, қарыздан шығу стратегияларын үйрететін маман. Оның айтуынша, көптеген отбасының қателігі - «несие алу арқылы бәрін бірден, сол сәтте қанағаттандырамын» деген ой. Бірақ несие бір сәттік ләззат емес, болашақтың ауыртпалығы. Ал егер несие алу алдында нақты бюджет жасалмаса, кейін қордаланған қарыз болып шығады.

Айгүлдің тәжірибесінде, клиенттердің көбісі – табыс, шығыс, міндетті төлемдер арасында теңгерім жасамайды. Ал әр жаңа кредитің бұрынғы қарызды жабуға, одан кейін қайта қарыз алуға әкеп соқтырып жатқанын айтады.

«Несие құрал, бірақ құралды дұрыс қолданбасаң, ол қарғысқа айналады» дейді. Коуч ретінде, ол отбасыларға «неге алғың келеді, нақты мақсат бар ма, қайтара аласың ба, табысың тұрақты ма?» деген сұрақтар қояды екен.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ? 

     Несие мәселесі мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жеке тұлғаларға несие беруді шектеу қажеттігін бірнеше рет айтты.

«Несие беру қарқыны халық табысынан озып кетті, бұл қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді»,- дейді ол.

  Ал сенатор Геннадий Шиповских жастарға 21 жасқа дейін микронесие беруге тыйым салу қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, жастар несиеге тым ерте үйреніп, қаржылық тәуелділікке түсіп жатыр. Бұл мәлімдемелер кредитің енді тек жеке емес, ұлттық деңгейдегі проблемаға айналғанын көрсетеді.

ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА БЕРІЛЕТІН ӨМІР САЛТЫ МА?

Жанар Шәріпова отбасылық қаржы, қарыз және тұтыну мәдениеті бойынша маман. Оның айтуынша, көп отбасы қарызды «балаларымыздың болашағы үшін және үй, көлік, тұрмыстық нормалар үшін аламыз» дейді екен.

«Шындығына келгенде олар кредиті келешек үшін емес, бүгінгі «имидж», «әлеует» үшін, өздерін бақуатты етіп көрсету үшін алуда. Ең қауіптісі, балаларына «жақсы өмір» көрсетеміз келеді» деген сылтау кейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Себебі несие жасырын қарыз, бұл психологиялық модельді балалар да солай қабылдайды. Кейін жаңа буын «барлығы – несиеге» деген қағидамен өмір сүреді».

 Ол отбасыларға алдымен табысты арттыру, жинақ,содан соң ғана несие деген ұстанымда болуға шықырады. Жанардың айтуынша, қарызды «имидж үшін емес, нақты қажеттілік үшін» алу маңызды -әйтпесе, бұл отбасылық қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Жалпы, Қазақстанда несие өмірді жеңілдетудің емес, оны ұстап тұрудың құралына айналды. Бұл адамдардың әлсіздігін емес, жүйенің дағдарысын көрсетеді. Несие құрал. Бірақ ол табыстың орнын баса алмайды. Егер табыс өспесе, ал өмір қымбаттай берсе, «минуста өмір сүру» Қазақстан үшін жаңа үрдіске айналуы мүмкін.

Анель Өтегенова  

 

Комментарии
Другие материалы