Ирандағы наразылық. Жарты айда құрбандар саны жарты мыңнан асты

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MJuSeIEUGG5xC8MSIFu9GOmrS6RzcLQHC7qQWRAv.webp

Иранда «шаһидтерді» еске алуға арналған үш күндік ұлттық аза жарияланды. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, елде үкіметке және экономикалық дағдарысқа қарсы екі аптаға созылған жаппай наразылықтар салдарынан 500-ден астам адам қаза тапқан. Бұл туралы халықаралық ақпарат құралдары мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Иранның ішіндегі және шетелдегі белсенділерге сүйенген АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау ұйымының дерегінше, екі апта ішінде 490 наразылық білдіруші мен қауіпсіздік күштерінің 48 қызметкері көз жұмған. Сонымен қатар, 10 600-ден астам адам қамауға алынған. Бұл мәліметтерді Reuters агенттігі таратты. Алайда агенттік бұл ақпаратты тәуелсіз түрде растау мүмкін болмағанын атап өтеді.

Иран билігі қаза тапқандар санына қатысты ресми статистиканы жариялаған жоқ. Соған қарамастан, мемлекеттік ақпарат агенттіктері жексенбі күні «АҚШ пен сионистік режимге қарсы күрес кезінде қаза тапқан шәһидтерді еске алу мақсатында» елде үш күндік ұлттық аза тұту жарияланғанын хабарлады.

Наразылықтар елде басылар емес. Керісінше, қаза тапқандар санының артуы мен интернеттің жаппай өшірілуі жағдайды одан әрі ушықтырған. 8 қаңтардан бастап Иран аумағында интернет байланысы шектеліп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қолжетімділік күрт төмендеген.

Саяси шиеленіс те күшейіп келеді. Тегеран егер АҚШ президенті Дональд Трамп наразылық білдірушілерді қолдап, Ирандағы жағдайға араласу туралы айтқан қауіптерін жүзеге асырса, америкалық әскери базаларға соққы беруі мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, Ирандағы жаппай наразылықтар 28 желтоқсанда елде бағаның күрт қымбаттауына байланысты басталып, кейін үкіметке қарсы саяси сипаттағы акцияларға ұласқан. Иран билігі тәртіпсіздіктерді қоздырды деп АҚШ пен Израильді айыптап, дүйсенбі күні аталған елдердің «террористік әрекеттерін» айыптау мақсатында жалпыхалықтық митинг өткізуге шақырды.

Қазіргі таңда Ирандағы жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында. Сарапшылар елдегі экономикалық қиындықтар мен саяси қысымның қатар күшеюі ахуалды одан әрі тұрақсыздандыруы мүмкін екенін айтуда.

Комментарии
Другие материалы