"Путин резиденциясына жасалған шабуыл". Киев Мәскеудің дәлел келтірмегенін айтты

496
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vC16xkhwalsIpYpI499g22NCuyqijSCBqgW9dZ5S.jpg

Ресей президент Владимир Путиннің резиденциясына «шабуыл жасалды» деген мәлімдемесіне әлі ешқандай дәлел ұсынбады. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Арада бір тәулікке жуық уақыт өтсе де, Ресей Украинаға тағылған айыптау бойынша бірде-бір сенімді дәлел келтірген жоқ, келтірмейді де. Өйткені ондай дәлел жоқ. Мұндай шабуыл болмаған», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Сибига бұл оқиғаға қатысты БАӘ, Үндістан және Пәкістанның алаңдаушылық білдіруі таңғаларлық жағдай екенін атап өтті.

«Бұл үш мемлекеттің 2025 жылғы 7 қыркүйекте Ресей зымыраны Украинаның үкімет ғимаратына тиген кезде ешқандай ресми мәлімдеме жасамағанын ескерсек, бұл тіпті ерекше таңғалдырады», – деді министр.

Сыртқы істер министрі Ресейдің «жалған мәлімдемелерге толы ұзақ тарихы» бар екенін еске салды.

«Ресей 2022 жылдың басында Украинаға шабуыл жасамайтынын мәлімдеген болатын. Олар жиі өздері жоспарлап отырған әрекеттері үшін өзгелерді айыптайды. Олардың сөзін ешқашан шындық ретінде қабылдауға болмайды», – деді украин дипломатиясының басшысы.

Сондай-ақ ол мемлекеттерді тексерілмеген айыптауларға реакция білдіруден бас тартуға шақырды. Айтуынша, бұл соңғы уақытта алға жылжып келе жатқан сындарлы бейбіт үдерісті «әлсіретеді».

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президентінің резиденциясына жасалған шабуылды айыптағанын жазған едік.

Комментарии
Другие материалы