Ғылым мен тіл логикасының қақтығысы

82
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nxiPGYlbHr9zI5uotrdoX4rzz23IhIA6dtzuoQVq.jpg

«Тіл деген - құрал. ...Қазақ тілі керек емес сөздерге, бүгінгі қолданыста жоқ сөздерге бай. Оның қазаққа түкке керегі жоқ», — деген академик Асқар Жұмаділдаевтің сөзін осы фейсбуктегі бір видеодан естіп қалдым. 

Құрметті академиктің тіл туралы пікірін үнсіз қабылдай алмадым. 

Иә, Асқар Жұмаділдаевтың ойы қисынсыз дей алмаймын, математик үшін қисынды. Бірақ тіл үшін қауіпті пайым екені анық. Өйткені ғылым логикасы мен тіл логикасы бір арнадан бастау алмайды.

Неге? Айтайын.

Тіл ғылым үшін құрал ретінде қызмет ететіні рас. Формуланы жеткізетін таңба, ойды тасымалдайтын код ретінде.  Математикада артық белгі болмайтынын, қажетсіз элемент алынып тасталынатынын да білеміз.

Ал тіл үшін мүлде басқа логика қызмет етеді. Тіл тек ақпаратты жеткізіп қана қоймайды, адамның Өзін жеткізеді. Оның болмысын, ішкі әлемін, жадын, ұятын, сезімін, үрейін, үмітін, арманын сөз арқылы бейнелейді. Математикада бұларды анықтайтын формула жоқ. (Болашақта ЖИ ойлап таппаса...)

Тіл академик айтқандай құрал емес, тіл — болмыс, ол — адамның жаны.

Ғылымда «артық» деген ұғым бар.Тілде ондай ұғым жоқ.

Ғылым ықшамдауды жақсы көреді. Ал тіл табиғаты мұндай әрекетті көтермейді. Керісінше мағынаны көбейтуді қалайды.

Синоним ғылым үшін қайталау болса, тіл үшін ой дәлдігінің құралы.

Тілдегі пассив сөздер ғылым үшін пайдасыз қор боп саналады. Ал тіл үшін - тарихи жады мен болашақ мүмкіндігі.

Бүгін қолданыста жоқ сөз ертең әдебиетке оралуы мүмкін, философияға қызмет етуі мүмкін, ұлттың өзін-өзі тануына қажет болуы мүмкін.

Түсінікті болу үшін бір-екі мысал келтірейін. Қазақта көшпелі дүниетанымнан туған "құлазу" деген ұғым бар. Бұл  жалғызсырау емес. Адам жалғыз қалғаннан емес, дүние мәнін жоғалтып, кеңістік тарылып кеткенкендей болып сезілетін  күй.

Қазақ жалғыздықтан емес, мәнсіздіктен қорқады. Бәлкім басқа ұлт үшін мұның маңызы болмас. Ал біздің ұлт үшін орта, кеңістік, тіршілік үні аса маңызды.

Ауызекі тілде көп қолданыла бермейтін "жадау" деген сөз бар. Жадау тіршіліктен шаршадым дейді. Бірақ бұл кедейлік, материалдық жоқшылық емес, рухани жүдеулік күйді білдіретін ұғым. Жадау деген сөз сырттай бар сияқты болғанымен, іштей қуаты кеміп, рухы солғын тартқан халді суреттейді. Рух жадау болса тірлік жадау тартады. 

"Дәме" деген сөз бар. Дәмесінің зорын қарай гөр дейді. Бірақ бұл  "үміт" деген ұғым емес.

Дәме — үміттену мен өзін-өзі алдаудың арасындағы күй, иллюзия.  Үміттенсе де  дәмеленбеуге тырысу -  қазақ ұлтының болмысына тән қасиет. Ол иллюзиядан сақтанған. Өмірді шынайы қабылдаған.

"Зәрем зәр түбіне кетті" деген сөз тіркесін тіл табиғатын терең ұға алмайтын адам "қатты қорқу" деп түсінуі мүмкін. Олай емес. "Зәре" деген ұғым қорқудан да  терең ұғым, ол өмір мен өлім шекарасындағы нәзік сезім. Тіршілік тірегі шайқалды деген сөз.

 Айта берсе, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Қазақ тілінің байлығы сонда, адам күйінің өзін градациямен, дәлдікпен ұқтырады. Егер мұндай терең иірімдерді "керексіз", "күнделікті қолданыстан шығып қалған" деп, сөздік қордан шығарып тастасақ,  қазақ болмысы «жалпыадамзаттық» стандартқа жұтылып кетеді. Ұлт Өзін өз тіліндегі айнадан көре алмай қалады. Ұлт өзін тарихы арқылы ғана емес, өз сөзі арқылы да таниды.

Тілді тек бүгінгі тұрмыстық қажеттілікпен өлшеу адамды тек ас ішіп, аяқ босататын жаратылыс деп қабылдаумен бірдей. Ал адам одан әлдеқайда күрделі болмыс.

Бұл арада академик бауырым өз саласының логикасын тілдің табиғатына көшіріп, шалыс басты. Тілді формула сияқты тазартуға тырысады. Тіл қысқартуға да, "керек, керексіз" деп бөліп-жаруға да келмейді. 

Тіл деген — ойлау қатпарлары.

Академик: "жылқының 400- сипаты бар екен" деп таң қалып отыр."Оның керегі не?" дейді. Демек қазақта ғана жылқыға байланысты 400 ой қатпары бар. Оны "керексіз" деп, қазақтың болмысынан сылып алып тастау, қазақтың терең болмысын жою деген сөз емес пе?   

Сөз азайса, ой азаяды. Ой азайса, сана жұтайды. Сана жұтаса, ұлттың болашағы жүдейді. Ғылымның дамуы үшін тіл ғылымға  қызмет етуі мүмкін. Ал ұлт сақталуы үшін ғылым тілге қызмет етуі тиіс.

Академик айтқандай тілді құрал деп қабылдайтын болсақ, онда оны оп-оңай басқа құралдармен айырбастап алып,  танымастай өзгеріп жүре беруге болады деген сөз.

Жоқ, қазақ ұлты тілді құрал деп емес, болмыс деп таныйды. Сондықтан оны соңғы деміміз қалғанша қорғаймыз.

Гүлмәрия Барманбекова

Комментарии
Другие материалы