Президент бағыты: Жамбыл облысы арқылы отандық өндірісті күшейту

63
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/I8baVcLcVAuxWzSaLx3TVTX7r8yhXSepv04fVdm6.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары елдегі өңірлік дамудың жаңа басымдықтарын айқын көрсетті. Сапардың фармацевтикалық кәсіпорындардан басталуы – денсаулық сақтау қауіпсіздігі, импортқа тәуелділікті азайту және өңдеу өнеркәсібін күшейту мемлекет саясатының өзегіне айналғанын аңғартады. Президент Жолдауларында қойылған нақты міндеттер – отандық медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайту, өңірлердің экономикалық әлеуетін іске қосу, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру – бүгінде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Осы үрдістер аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұқаш Ескендіров Мемлекет басшысының өңірлік саясаттағы ұстанымына, Жамбыл облысындағы фармацевтика мен өнеркәсіптің дамуына және бұл бастамалардың ел экономикасы үшін маңызына қатысты пікірін білдірді.

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары фармацевтикалық кәсіпорындарды аралаудан басталды. Сіздің ойыңызша, мұндай фокус Мемлекет басшысының денсаулық сақтау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы негізгі осал тұстарды терең түсінетінін көрсете ме?

- Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы Жамбыл облысына іс-сапармен барды. Сапардың барысы Жамбыл облысының енді дамып келе жатқан формацевтикалық кәсіпорындарымен танысумен басталды. Жамбыл облысындағы бұл салада кәсіпорындар негізінен барлығы жекеменшік кәсіпорындар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Super-Pharm деген жаңа кәсіпорын ашылды. Ол да қолданыстағы медициналық бұйымдарды шығарып, қарқынды дамып келе жатқан жекеменшік компания.  Және екінші компания - Amir&D. Ол да медициналық бұйымдарға бейімделген компания. Соңғы жылдары қателеспесем, 4 миллиард шамасында осы кәсіпорындарды салып, іске қосты.

- Өңірдегі кәсіпорындардың бірі елдің бірреттік медициналық бұйымдарға деген қажеттілігінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Мұны өңірлердің жалпыұлттық экономикалық міндеттерді іске асырудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсететін индикатор ретінде қарастыруға бола ма?

- Президентіміздің Қазақстан халқына жолдауында ол импорттан тәуелсіздікке шығу үшін 2025 жылы елімізде осы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50% шығаруға тапсырма берген болатын. Әрине қазір ол көрсеткіш 30% көлемінде болып отыр. Кәсіпорындар тез ашылып жатыр. Ал енді мынау Денсаулық сақтау министрлігінде көптеген нормативтер құқықтық актілердің өте ұзақ мерзімде бюрократиялық жолмен істейтін құжаттар өте көп. Сондықтан біз мәжілісте де осы мәселелерді көтердік. Өзім де жұмыс тобының мүшесі болғаннан кейін, осы дәрі-дәрмектерді, медициналық бұйымдарды тіркеудің жолдарын қысқарту үшін басқа жолдарды қарастырып жатырмыз. Мәселен, кейбір дәрі-дәрмекті Қазақстанда тіркеу үшін 5 жылға дейін уақыт кетеді екен. Соңғы екі жылда осы проблемалар бойынша денсаулық сақтау министрі Әлназарова ханымда бірнеше рет болдым. Сонымен қатар, осы медициналық формацевтика саласында Жамбыл облысында, Шымкент қаласында Алматы қаласында жұмыс істеп жатқан жекеменшік компаниялар осындай кедергіге ұшырап жатыр. 

- Мемлекет басшысы нақты өндірістік нысандар мен әлеуметтік мекемелерге тұрақты түрде барып жүр. Жолдауларда белгіленген міндеттердің орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалардың басқарылуы тұрғысынан алғанда, мұндай бақылау форматын қалай бағалар едіңіз?

- Менің ойымша, Мемлекет басшысы әрине осы салаларды дамытуда жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындармен танысады. Өз басым бұл кәсіпорындарда бірнеше рет болдым. Кәсіпорындар заманауи, халқымызға қажетті бұйымдар шығарады. Мемлекет басшысы оның барлығын түсініп, осындай кәсіпорындарға баруы бұл саланы дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Биылғы жылы Шымкент қаласындағы сапарында да осы формацевтика саласында қызмет істейтін кәсіпорындарға барды. Осы жолы Жамбыл облысында да орналасқан компанияларға барды.  Егер де мемлекет тарапынан, министрлік тарапынан, жергілікті әкімшілік тарапынан тез арада осындай қолдау болатын болса, бізге тек қана 50 % емес, 70-80 % дейін өзіміздің қажеттілігімізді шығара аламыз. 

- Президенттік Жолдауларда әлеуметтік саланың тұрақтылығы мен базалық қызметтердің, соның ішінде денсаулық сақтаудың қолжетімділігіне ерекше мән беріледі. Осы тұрғыдан алғанда, отандық фармацевтиканы дамыту кең ауқымды әлеуметтік күн тәртібінің бір бөлігі ретінде қаншалықты маңызды?

- Енді мен де осы салада біраз сұхбат бердім, осы салада жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға қолдау ретінде олардың потенциалы әлі де үлкен дегім келеді. Себебі, бұл жерде медициналық тесттер бар, медициналық бұйымдар бар, операция кезінде қолданылатын тігуге арналған бұйымдар бар. Олардың барлығын осы кәсіпорындар шығарып жатыр. Сондықтан, барлығымыз қуанып жатырмыз. Менің ойымша, осындай проблемаларды Президент өкіметке тапсырады деп ойлаймын. Ал енді Жамбыл облысы жайлы айтсақ, соңғы 2-3 жылда инвестиция тарту қарқыны өте жоғары. Бүгін мемлекет басшысы атап өткендей, биылдың өзінде 600 миллиард теңгеге инвестициялар салынуда, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Тараз қаласында индустриялы зона да және Жібек жолы экономикалық аймағы да, Шу қаласына жақын орналасқан Талас, Сарысу ауданы да орналасқан химия. Жалпы, химия саласы дамып келе жатыр. Оған биыл күкірт қышқылы өндірісі қосылып жатыр. Цианит, натрий өндірісін Тараз қаласында Talan Invest компаниясы іске қосып жатыр. Күкірт қышқылын ЕвроХим компаниясы және Қазақ сода компаниясы Сарысу ауданында бірінші кезеңде жылына 500 мың шығаратын. Менің ойымша, Жамбыл облысында осындай кәсіпорындар өте көп дамып келеді. Осының барлығы әрине экономикамыздың дамуына, өндірістің дамуына, оның ішіндегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына және де Президентіміз қойған жалпы ішкі өнімді 450 миллиард АҚШ долларына шығару деген жоспарының арқасында. Биылдың өзінде елімізде үлкенді-кішілі 190 өндірісті кәсіпорын іске қосылады деп жоспарлануда. Менің пайымдауымша, 170-і іске қосылды. Биылдың өзінде Жамбыл облысында 63 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ол өз кезегінде Жамбыл облысының дамуына үлкен серпініс береді деп ойлаймын.

Комментарии
Другие материалы