«Qazaqstan» телеарнасы Жаңа жыл қарсаңында тың тележобалар мен тұсаукесерлерге толы мерекелік бағдарламасын ұсынады

161
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xXQ6cqOuXUc5tHcoPNd9nBYqauujsh3s3lzHWCXx.png

Жаңа жылдық кешке жоспар құрып үлгердіңіз бе? Қайда қарсы аламыз? Қандай тағам әзірлейміз? Ең бастысы – не көреміз?

Жаңа жыл – әр отбасы үшін ғажайып пен шаттыққа толы мейрам. Бұл күнді әсерлі әрі есте қаларлықтай өткізу үшін «Qazaqstan» телеарнасы көрерменге арнап арнайы мерекелік бағдарламалар легін дайындады.

Жылдың басты кеші – «Жақсылықпен кел, Жаңа жыл – 2026!» шоу-концерті 31 желтоқсан күні сағат 21:00-де эфирге шығады.

Арна жүргізушілері мен танымал өнер иелері, әр саланың өкілдері қатысатын бұл жоба көрерменге тосынсыйға толы ерекше көңіл-күй сыйлайды. Мерекелік концертте еліміздің танымал эстрада әншілері мен заманауи музыка өкілдері өнер көрсетеді. Олардың қатарында Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан» тобы, Мейрамбек Бесбаев, Әли Оқапов, Мадина Сәдуақасова, Hulan Aru, Bayansulu бар.

Кештің көркін халықтың сүйікті актерлері Жұлдызай Дүйсенбиева, Жүсіп Ақшора, Қаракөз Тілеубекова аша түседі. Ал мерекелік кешке ақын Ұлықбек Есдәулет, композитор Төлеген Мұхамеджанов және ел дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Басты мерекелік шоу-концерттен бөлек, 31 желтоқсан күні сағат 19:10а «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген 4 бөлімді жаңа жылдық отбасылық телехикая эфирге шығады. Отбасы құндылықтары, мейірім мен махаббат, көңілді оқиғаларға толы телехикая Бурабай ұлттық табиғи паркі мен Астана қаласында түсірілген.

Жаңа жыл мерекесі мен қысқы демалыс күндері «Disney» фильмдерінің апталығы өтеді. 27 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында «Аңдар шаһары», «Рапунцель», «Моана», «Мейірімді динозавр», «Мұзды өлке», «Мұз дәуірі», «Аватар», сондай-ақ аңызға айналған «Үйде жалғыз қалғанда» комедиясы эфирден көрсетіледі.

Сонымен қатар 27 желтоқсан күні сағат 20:00-де «Ұнайды маған» кавер-шоуының жаңа жылдық арнайы шығарылымы көрермен назарына ұсынылады. Бағдарламада 24 орындаушы мен қазақ эстрадасының танымал әншілері сүйікті хит әндерін орындайды.

Жаңа жылдың алғашқы күндері де әсерлі музыкалық жобаларға толы. 1 қаңтар күні сағат 21:00-де уақыттың тезінен өтіп, көңіл төрінен орын алған әуендер шырқалатын «Сағындырған әндер-ай» ән кеші эфирге шығады. Ал 3 қаңтар күні сағат 17:10-да әнші Абик Жексеннің жанды дауыстағы жеке концерті көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Отандық кинотуындыларды сүйіп тамашалайтын көрермен үшін мереке күндері «Жұмбақ қыз», «Жар-Жар», «Түркиядағы қазақша бизнес», «Тақиялы періште», сондай-ақ «Биік сезім», «Байдың баласы» және «Көршілер» отбасылық комедиялары көрсетіледі.

2026 жылды «Qazaqstan» телеарнасымен бірге қарсы алыңыз!

 

Комментарии
Другие материалы