Шымбұлақтағы тіл дауы. Қызметкер жұмысынан босатылды

541
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iI4sxZC9IhR8fkyiylvOsOaDRmpsLghEbO49zz4J.webp

Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасы әкімшілігінің қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуы қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қазақстандық азамат Threads желісінде мейрамхана қызметкерінің қазақ тілінде қызмет көрсетуге келіспегенін айтып, видео жариялады. Бейнежазбада мекеме қызметкерінің мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен өтінішке өрескел жауап беріп, қазақ тілін меңгеруге міндетті емес екенін айтқаны көрінеді.

«Мен шамамен үш сағат уақытымды жоғалттым, ал туристерім суықта күтіп қалды. Оқиғаны растайтын видео және куәгер бар. Бұл жағдай еліміздің туристік беделі қалыптасатын аймақта болды. Мемлекеттік тілді қорлау – жеке пікір емес, мұндайға көз жұма қарауға болмайды», – деп жазды ол.

Ал Елена Threads желісінде өз нұсқасын жариялап, ер адамның жала жауып отыр деп мәлімдеді.

«Бұл жігіт не жазып отырғанын көрдіңіздер ме? Өзін ақтап отыр, бірақ мені ұрғанын, қорқытқанын және әлеуметтік желіге саламын деп қоқан-лоққы жасағанын айтпайды. Менің ең жақын құрбым – қазақ, 20 жылдан бері доспыз. Сонымен қатар қазақ тілін аздап түсінемін әрі сөйлей аламын», – деді ол.

Оқиға Gusto кафесінің беделіне де әсер етті. Бір күннің ішінде 2GIS қосымшасында мекеме парақшасына қазақ тілін білмейтін қызметкерлерге қатысты шағымдар мен Еленаны жұмыстан шығаруды талап еткен 27 500-ден астам пікір қалдырылған.

Кейін Gusto мейрамханасы ресми мәлімдеме жасады.

«Тексеру нәтижесі бойынша сервис стандарттары мен корпоративтік коммуникация талаптарына сәйкес мейрамхана әкімшісінің қызметін тоқтату туралы басқарушылық шешім қабылданды. Аталған шешім тек ішкі шара болып табылады және оқиғаға қатысқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздемейді. Оқиғаға байланысты одан әрі қарау заңнамада белгіленген тәртіппен тараптардың өзара қатысуымен жүзеге асырылуда. Gusto мейрамханасы қонақтармен әрдайым сыйластық пен әдепті қарым-қатынас қағидаттарын ұстанады.

Қандай жағдай болмасын, дөрекі немесе орынсыз сөйлеу тәсіліне жол берілмейді және бұл біздің сервис стандарттарымызға қайшы келеді. Осыған байланысты біз ішкі регламенттерді күшейтіп, қызметкерлермен қосымша жұмыс жүргізуді қолға алдық. Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін құрметтейді және қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Орын алған жағдайдың қоғамда теріс пікір тудырғанына өкініш білдіреміз және көрсеткен түсіністік пен кері байланыс үшін қонақтарымызға алғыс айтамыз»,-делінген хабарламада.

Комментарии
Другие материалы