Жаппай наразылықтан кейін премьер-министр отставкаға кетті

107
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Y5ZLuVo8JdEudoPk7JpUPREjQ8eMXOCzdtG3vBae.webp

Болгария премьер-министрі Росен Желязковтың жетекшілігіндегі оң-орталық үкімет жаппай қоғамдық қысымнан кейін отставкаға кетті. Бұл шешім сәрсенбі кешінде ел астанасы Софияда және басқа да қалаларда өткен кең көлемді наразылықтардан соң жарияланды, деп хабарлайды “Адырна” порталы ВВС-ге сілтеп.

Софияның орталығындағы Тәуелсіздік алаңына, «Билік үшбұрышы» деп аталатын аймаққа 50 000–100 000-ға жуық адам жиналып, үкіметтің қызметтен кетуін талап етті. Наразылық барысында парламент ғимаратына «Отставка» және «Мафия, кет!» деген жазулар проекцияланды.

Өткен аптада шерушілерді Болгария президенті Румен Радев те қолдап, үкіметке отставкаға кету жөнінде ашық үндеу жасаған болатын.

Росен Желязков сенімсіздік вотумына дауыс берудің алдында және Болгарияның еуроаймаққа қосылуына 20 күн қалғанда премьер-министр қызметін тастады. Жиналғандар үкіметті қаңтар айынан бері жалғасып келе жатқан кең таралған сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады. Осы сындардан кейін билік келесі жылға арналған даулы бюджет жобасын қайтарып алған еді.

Тележолдауында Желязков наразылық білдірушілердің талабын еститінін мәлімдеп, жастар мен егде адамдардың да отставка талап еткенін атап өтті. Ол азаматтық белсенділікті қолдау қажеттігін айтты.

Үкіметтің сайтында жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, қазіргі министрлер жаңа кабинет жасақталғанша өз міндеттерін атқара береді.

Желязковтың үкіметі бұған дейін бес рет сенімсіздік вотумынан өткен, ал бейсенбі күні алтыншысы өткізілмек болған.

Комментарии
Другие материалы