Экипаж кабинасындағы екеу кім? Депутаттың дауына – компанияның уәжі

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BaWcApwn29iZqy2V1SO2uVfr6Igj72JreWNbx6XB.jpg

FlyArystan әуе компаниясының 7056 Астана–Алматы коммерциялық рейсінде ұшуға дайындық барысында әуе кемесінің кабинасына азаматтық киімдегі екі әйелдің еркін кіріп, ұшқыштармен сөйлесіп отырғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға жолаушылардың көз алдында орын алған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Әуе қауіпсіздігі нормаларына сәйкес, ұшқыштар кабинасы қатаң түрде стерильді аймақ болып саналады. Бұл аймаққа тек әуе кемесі командирінің рұқсатымен бортсеріктер ғана кіре алады. Бөтен адамдардың кіруі – халықаралық және ұлттық талаптардың өрескел бұзылуы.

Оқиғаға куә болған жолаушы, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәселе бойынша Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиеваға тікелей хабарласып, тиісті органдардың шұғыл әрекет етуін сұрағанын мәлімдеді.

Депутат сондай-ақ, ҚР Бас прокуратурасын, Көліктегі полиция департаментін, ҚР Ішкі істер министрлігін ұшақ Алматы қаласына қонғаннан кейін тексеру жүргізуге және заңға сәйкес ең қатаң шаралар қолдануға шақырды.

Fly Arystan компаниясы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.

«Рейсте экипаж кабинасында болған екі адам — компанияның өз қызметкерлері. Олардың кабинада болуы әуе кемесінің командирімен толық келісілген және қолданыстағы тәртіпке сәйкес жүзеге асырылған.

Компанияның мәліметінше, қызметкерлер барлық міндетті оқу-жаттығулардан өткен, олардың қолында жарамды рұқсаттар мен қызметтік куәліктер болған. Куәліктер көрінетін жерде орналастырылып, олардың мәртебесін, өкілеттігін және әуе кемесінде болу құқығын растайды.

Әуе компаниясы қызметкерлердің кабинада орналасуы барлық талаптарға сай жүргізілгенін атап өтті. Бұл әрекет авиациялық қауіпсіздік нормаларын, ішкі регламенттерді немесе персоналдың кіру стандарттарын ешқандай бұзбаған

Ал Азаматтық авиация комитеті аталған факті бойынша тексеріс жүргізілетінін айтты.

“Құрметті Мұрат Абдуламитұлы! Хабарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіледі және егер авиациялық қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны расталса, жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қолданылады”, - делінген хабарламада.

Комментарии
Другие материалы