"Жаңа ұшақ кешігуде". Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі әлі ашылмады

151
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nfpZij4TkgsV67lpfCYPioZOstH7YAfIrsM5ct36.webp

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейсінің әлі іске қосылмауына ұшақ жеткізудегі кешігулер себеп болып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Информбюроға сілтеп.

Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, рейстер Солтүстік полюс бағыты арқылы жүзеге асырылуы тиіс, яғни әуе кемелері Ресей аумағы арқылы өтеді. Мұндай қашық бағытқа арнайы жаңа буын Dreamliner үлгісіндегі алысқа ұшатын ұшақтар қажет.

"Бұл бағытқа ең алдымен жаңа ұшақтың болуы маңызды. Алайда Airbus пен Boeing авиаөндіріс компанияларында тапсырыстар 14 жылға дейін толық жүктелген. Соның салдарынан біздің кезегіміз де кейінге шегеріліп отыр", – деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның сөзінше, Қазақстан әуе тасымалдаушыларына келесі жылы берілуі тиіс болған әуе кемелері енді тек 2027 жылы жеткізіледі.

Қазіргі жағдайда АҚШ бағыты бойынша уақытша балама нұсқа қарастырылып отыр. Air Astana әуе компаниясы рейстерді Лондон арқылы орындауды ұсынған.

"Лондонға дейін ұшып барып, сол жерде қонғаннан кейін борт ауыстырмай, ары қарай АҚШ-қа жол тартады. Қазір Dreamliner ұшақтары келгенге дейін осы аралық бағыт пысықталуда", – деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Азаматтық авиация комитеті Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейс 2025 жылдың соңында ашылады деп хабарлаған еді.

Комментарии
Другие материалы