Елдегі эпиджағдай. Вице-министр пікір білдірді

402
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4s0fFGaTEIoL5O5kq0YNBYlZQr6c4qjyEvS4ZqeG.jpg

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай жыл сайын күз-қыс айларында ушығатыны белгілі. Биыл да ЖРВИ мен тұмау бойынша өсім байқалып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, биыл ауа райының жылы болуына байланысты ЖРВИ маусымы бірнеше аптаға ертерек басталған.

«Осы жылы ауа райы жылы болып тұр. Сол себепті ЖРВИ маусымы биыл бірнеше аптаға ертерек басталды. Алайда өткен жылмен салыстырғанда жалпы аурушаңдық төмен. Өткен жылы 1 400 000 жағдай тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 20 пайызға азайып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі өз тарапынан қажетті шараларды қабылдап, жағдайды толық бақылауда ұстап отыр»,- деді ол.

Вице-министрдің мәліметінше, биыл 2 100 000 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Вакцина ең алдымен балаларға, жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар науқастарға және медицина қызметкерлеріне салынған.

Сондай-ақ медициналық ұйымдарда қосымша фильтрлік кабинеттер ашылған.

«Қазір республика бойынша емханалар мен ауруханаларда 1 800-ге жуық фильтр кабинеті жұмыс істеп тұр»,- деді ведомство өкілі.

Тимур Сұлтанғазиев елде Гонконг тұмауының да анықталып жатқанын айтты.

«Гонконг тұмауы — кәдімгі маусымдық тұмау. 1968 жылдан бері белгілі. Қазіргі уақытта шамамен 590 жағдай ПТР арқылы анықталды. Бұл — H3N2 типіндегі А тұмауы, бұрыннан айналымда жүрген вирус»,-деді ол.

Соңғы күндері кейбір дәрілердің көмектеспей жатқаны және тапшылығы туралы шағымдарға да тоқталды.

«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша біз ірі фармацевтикалық компаниялармен және дистрибьюторлармен күн сайын жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кеше ғана олармен кеңес өтті. Олардың айтуынша, қоймаларда вирусқа қарсы препараттар, стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер, парацетамол, ибупрофен және басқа да қажетті препараттар толық көлемде бар. Біз келісім бойынша дәріханаларды қажетті мөлшерде дәрілермен қамтамасыз ету міндетін алдық»,-деді Сұлтанғазиев.

 

Комментарии
Другие материалы