Екі ел президенттері бірлескен брифинг өткізіп, стратегиялық серіктестікті нығайту туралы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек халқына және президент Мирзиёевке қазақ делегациясына көрсетілген қонақжайлық пен жылы қабылдау үшін алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы кездесуде жасалған уағдаластықтардың екі елдің ұлттық мүдделеріне толық сай келетінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастар – мызғымас достықтың, тату көршіліктің, стратегиялық серіктестіктің және одақтастықтың айқын көрінісі.
“Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру – менің міндетім. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас немесе бәсекелес емес. Керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрметтейтін жақын бауырлар”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Брифинг барысында Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президентіне Өзбекстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын табыстады.