Батыс Қазақстан өңдеу өнеркәсібі дамуда

725
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2G6GEznLeqed0PDEtyG6BfVCYMMbofiaQwMi7syV.jpg

Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 274,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдан әлдеқайда жоғары. Және жыл соңына дейін жоспар жүз пайызға орындалады. Бұл туралы БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев мәлімдеді.

Соңғы жылдары облыстың өңдеу өнеркәсібі саласында тұрақты өсім байқалып, өндіріс көлемі мен өнім сапасы артып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін арттыру және жылдық жоспарларды толық орындау мақсатында биыл жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайтын төрт жаңа жоба іске қосылуға дайын.
Олар: аралас өнімдер шығаратын зауыт құрылысы, құрғақ қоспалар өндірісі, химиялық өнімдер (антифриз, ұнтақ, сабын және басқа) өндірісі және алюминий сымдарын өндіру жобалары.

Жұмыс орындарын ашу – экономикаға тың серпін
Әлемдік экономика жыл сайын өзгеріп, дамып келе жатқан сайын, жұмыс орындарының саны мен сапасы да маңызды факторға айналып отыр. Жаңа жұмыс орындарын құру – тек жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, елдің экономикалық дамуында жаңа серпін береді. Бұл процесс экономиканың барлық салаларында өндірістік қуаттың артуына, жаңа инвестициялардың тартылуына, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүмкіндік жасайды.

Жұмыс орындарының көптігі елде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуіне ықпал етіп, жаңа технологиялар мен инновациялардың енгізілуіне жол ашады. Сонымен қатар, олар халықтың тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады.

Жаңа жұмыс орындарының пайда болуы экономикаға тың серпін беріп, оны дағдарысқа қарсы тұрақты дамуға бағыттайды. Осы тұрғыдан алғанда, жұмыс орындарын құру – әлеуметтік және экономикалық даму үшін басты құралдардың бірі болып табылады.
Ақжайық өңірінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін арттыруға қазіргі кәсіпорындардың жаңғырту жұмыстары мен өнім ассортиментін кеңейту де оң ықпал етуде. БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың берген ақпаратына сүйенер болсақ, «QazExpoPipe» ЖШС қаптамалық және сорап-компрессорлық муфталар шығару жобасын жүзеге асыруда. «Батыс мұнай газ жабдықтары» ЖШС су және газға арналған шарлы крандар шығаратын цех іске қосты, сондай-ақ кадр даярлауға арналған оқу орталығы ашылды. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС диаметрі 1600 мм-ге дейінгі газ, су және кәріз құбырларына арналған үш қабатты құбыр өндіру жабдықтарын жеткізу күтілуде. «Стеклосервис» ЖШС сандық бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған ADVANCE 526 әмбебап тік өңдеу орталығы және Master One үлгісіндегі шыны өңдеуге арналған ЧПУ орталығын іске қосты.
Өсімнің резерві ретінде 2024 жылы іске қосылған жобалардың жобалық қуатына шығу қарастырылған. «Westgroup» ЖШС жылына 20 млн дана кірпіш шығарады. «КаспиМунайКапитал» ЖШС жылына 53 мың дана мұнай-газ жабдықтарын шығарады. «BATYSMINIRALSU» ЖШС жылына 10 млн литр минералды су өндірісін жоспарлап отыр. «Орал сүт комбинаты» ЖШС сүт өңдеу зауытының кеңеюін жүзеге асырады. Келесі кезеңде 2026–2030 жылдар аралығында жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде 6012 жаңа жұмыс орны ашылмақ, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев Сапаргелдіұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын толық көлемде жұмысқа қамтамасыз ету үшін ірі жер қойнауын пайдаланушылармен тұрақты кездесулер өткізілуде. Мысалы, Атырауда өткен машина жасау форумында НКОК компаниясымен және «Уральскагрореммаш» АҚ-пен бірнеше техниканы жеткізу туралы келісімдер жасалыпты. Сонымен қатар, 2025 жылғы сәуір айында өткізілген өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының форумы мен көрмесі нәтижесінде жаңа келісімдерге қол қойылған. Нәтижесінде «Оралагрореммаш» АҚ бір дана өрт сөндіру техникасын жеткізсе, «ВестОйл» ЖШС мұнай мен газдың сапасы мен мөлшерін бақылау жүйелерін жеткізуге мүмкіндік алған.
 
Өңдеу өнеркәсібінде жаңа серпін: Ірі компаниялар инвестиция құйған
 
2025 жылы облысқа бірқатар ірі халықаралық компаниялар келіп, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған маңызды жобалармен жұмыс жасауға ниет білдіріпті. Олардың қатарында «Kalamkas — Khazar Operating b.v.», «КМГ Инжиниринг» ЖШС, «North Caspian Operating Company» және IMB компаниялары бар. Бұл ұйымдар өңдеу саласына жаңа инвестициялар мен серіктестіктердің болашақ мүмкіндіктерін қарастыруда. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған тың жобалар мен инвестициялық келісімдер облыстың экономикалық дамуындағы жаңа кезеңнің басталатынын білдіреді.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың пікірінше, осы компаниялардың өңірге келуі өңдеу саласының жаңа технологиялар мен кәсіби дағдыларды тартуға мүмкіндік беріп, өндірістік қуаттың артылуына ықпал етеді. Бұл қадам елдің экономикасына тың серпін беріп қана қоймай, өңірдің жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға да әсер ететін болады.

Комментарии
Другие материалы