Алматыда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына 5 мыңнан астам турист келген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы қалалық туризм басқармасы хабарлады.
30 қыркүйекте өтетін Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі тарихи ойын Алматының Орталық стадионында ұйымдастырылады. Оған тек шетелден емес, Қазақстанның өзге өңірлерінен де жанкүйерлер ағылды. Қалаға келген қонақтардың жалпы саны он мыңдаған адамға жеткен.
Туристердің негізгі легі Қытай, Үндістан, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия және өзге елдерден келген. Турист саны 5 мыңға жуықтағаны хабарланды.
Ойынға байланысты Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Тәртіпті 2 382 полиция қызметкері қадағалайды. Стадион аумағында металлодетекторлар, қол сканерлері орнатылып, жедел жәрдем мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етеді. Жанкүйерлердің қозғалысын жеңілдету үшін матчтан кейін 60 қосымша автобус қатынайды.
Матчтың тікелей трансляциясы сағат 21:35-те «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ ойын осы арналардың ресми сайттарынан онлайн көруге мүмкіндік бар.