Алматыда жаңа асфальт опырылды. Әкімдік түсініктеме берді

2123
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bAI8gI7FKITEEbSf9KljfrsmhhQ8RdY86xoBS1AC.png

5 қыркүйек күні Алматы қаласының Әуезов ауданындағы Яссауи көшесіне жаңа асфальт төселген болатын. Алайда алғашқы жауыннан кейін жол жабыны опырылып кетті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әкімдіктің баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме берді.

«17 қыркүйек күні таңертең Яссауи көшесінің Дастан көшесімен қиылысында жол жабынының шамамен 100 шаршы метр аумақтағы бөлігі опырылды. Бұған дейін «Спецкоммунстрой» мердігер ұйымы ұзындығы 2,8 шақырым болатын кәріз желілерін салу жұмыстарын атқарған болатын. Жүргізілген тексеру барысында нөсер жауын кезінде абоненттік желілер траншеяларының шайылуы және топырақ негізінің жұмсаруы анықталды. Соның салдарынан жол жабындысында ойық пайда болып, асфальттың тұтастығы бұзылған. Қазіргі уақытта жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр»,—делінген хабарламада.

Жөндеу жұмыстары 18 қыркүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Аталған жобаның техникалық қадағалау қызметі жұмыстардың Құрылыс нормалары мен ережелері жобалық талаптарға сәйкес орындалғанын хабарлады. Қазіргі таңда себептерді анықтау мақсатында қосымша тексеру жүргізіліп жатыр. Яссауи көшесіндегі асфальт жабынының ойылу себептерін нақтылау үшін Қалалық құрылыс бақылау басқармасына сұраухат жолданды. Себебі топырақтың дұрыс нығыздалмауы ықтимал нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Оның нақты себебі тексеру нәтижесінде белгілі болады»,—деп толықтырды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Комментарии
Другие материалы