Өзбекстан президенті мұғалімдерді әлеуметтік қолдау шараларын жариялады

873
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7zuctRRJe0ST6HK9xO11K6cb31LAfRLXoooo1nJc.webp

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев педагогтерға арналған бірқатар жаңа әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

2026 жылдан бастап жоғары біліктілік санаты бар және 15 жылдан астам еңбек өтілі бар мұғалімдер үшін ипотекалық несиеге бастапқы жарнаның 25%-ын мемлекет өтейді. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері үшін мемлекеттік қызметтер құны екі есе төмендетіледі.

Президенттің айтуынша, келесі оқу жылынан бастап мұғалімдердің балалары мемлекеттік ЖОО-ларға ақылы негізде түскен жағдайда, оқу ақысына 30% жеңілдік беріледі. Бұған қоса, педагогтар жаңа технологияларды оқу процесіне енгізу мақсатында компьютер сатып алу үшін 10 млн сумға дейін (шамамен $805) жеңілдетілген несие ала алады.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне де ұлттық сертификат жүйесі енгізіліп, оның иегерлері жалақысына ай сайын 15% үстемақы алады. Ал үздік дипломмен мектепке келген бакалавр түлектеріне автоматты түрде екінші, магистрлерге бірінші санат беріледі. Әлемдік үздік-300 университеттің біріне түскен педагогтар үшін $20 мыңға дейін жеңілдетілген несие қарастырылған.

Кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы оқытушыларға да қолдау көрсетіледі. Ұлттық сертификат алғандарға жалақысына 30%, халықаралық сертификат иелеріне 50% үстемақы қосылады. Сондай-ақ техникум директорлары мен орынбасарларының жалақысы өсіп, ғылыми дәрежесі бар педагогтарға да қосымша төлемдер енгізіледі.

Мирзиёевтің сөзінше, соңғы сегіз жылда елдің экономикасы екі есеге өсіп, ЖІӨ көлемі биылдың соңына қарай $130 млрд-қа жетпек. Осы кезеңде білім беру саласына жұмсалатын шығындар алты есеге артып, 378 трлн сумға ($30,4 млрд) жеткен.

Президент мұғалімдердің жағдайын жақсарту мен білім сапасын арттыру Өзбекстан реформаларының басты басымдығы болып қала беретінін атап өтті.

Комментарии
Другие материалы