Лондонда ультраоңшыл белсенді Томми Робинсон ұйымдастырған маршқа 150 мыңға жуық адам жиналды. Сонымен қатар қалада нәсілшілдікке қарсы наразылық шеруі де өтті. Робинсон жақтастарының маршы тәртіпсіздікке ұласып, қақтығыстар кезінде 26 полиция қызметкері жарақат алды. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”
«Біріккен Корольдікті біріктірейік»ұранымен өткен демонстрация Уайтхолл көшесіне дейін жетті. Бұл көше – Ұлыбританияның негізгі үкімет мекемелері орналасқан аймақ. Наразылық кезінде бірнеше спикер сөз сөйледі, олардың қатарында АҚШ-тан келген подкастер, саяси белсенді және Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі Стив Бэннон, сондай-ақ видеобайланыс арқылы сөйлеген америкалық технологиялық магнат Илон Маск болды.
Британия астанасының басқа бөлігінде «Фашизмге қарсы марш» аясында 5 мыңға жуық адам жиналды. Бұл шеруді Stand Up To Racism («Нәсілшілдікке қарсы тұрайық») тобы ұйымдастырды.
Лондон полициясының мәлімдеуінше, Робинсонның жақтастары тәртіп сақшыларына қарсы «қабылдауға болмайтын зорлық-зомбылық» көрсеткен. Полицейлерге шыны бөтелкелер, фейерверктер және басқа да заттар лақтырылған.
Ұлыбританияның ішкі істер министрі Шабана Махмуд полицейлерге шабуыл жасағандарды қатаң айыптады.
«Қылмыстық әрекетке барған әрбір адам заң бойынша толық жауапқа тартылады», деді ол.