Пугачёва ағасының Семейде зардап шеккенін айтты

1687
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SIY2Pc2vpdftJTHfYgc6xhHj95L7LJoik3hZjdZH.jpg

Әнші Алла Пугачёва журналист Катерина Гордееваға берген сұхбатында өзінің балалық шағы, отбасы тарихы мен бауырының қасіретті тағдыры туралы алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Әншінің сөзінше, оның туған ағасы кеңес дәуірінде Қазақстанда әскери қызмет атқарып, Семейдегі ядролық полигонда радиацияға ұшыраған. Бұл жағдай бүкіл отбасының тағдырына ауыр әсер еткен.

«Әуелі ағам әскери қызметте болды, байланыс саласының мықты маманы еді. Семейде, Қытай шекарасында қызмет етіп жүріп сәуле тиді. Кейін балалары өлі туа бастады. Содан соң оны әлдебір себеппен Ауғанстанға жіберді», — деп еске алды Пугачёва.

Әншінің айтуынша, ағасы бала кезінен өте дарынды, тіл үйренуге қабілетті болған. Ол әскери шет тілдер институтына түсуге ниеттенгенімен, саусағындағы кемістік салдарынан қабылданбаған.

«Барлық емтиханын үздік тапсырған еді. Бірақ институтқа алмай қойғаны үлкен қасірет болды. Сол кезде жүйкесі сыр беріп, ішімдікке салынып кетті», — деді ол.

Кейін ағасы әскери байланыс училищесіне жіберіліп, арманын жүзеге асыра алмаса да, білікті әскери маман болған. 

«Шын мәнінде өте талантты жан еді… Оның тағдыры мен радиация салдары бүкіл отбасымызға ауыр соққы болды», - деп толғанды Пугачёва.

Бұл Пугачёваның Ресейден кеткеннен кейін берген алғашқы кең көлемді сұхбаты. Әнші өзінің шетелге көшу себебін де түсіндірді.

Оның сөзінше, жұбайы Максим Галкинге «шетел агенті» деген айып тағылып, отбасына қудалау жасалған. Балалары мектепте буллингке ұшыраған.

«Ар-ождан даңқтан қымбат. Мен шындықты айту үшін кетуге мәжбүр болдым», — деді ол.

Примадонна сұхбат барысында соғысты да, биліктің шексіздігін де сынға алды. Сөз бостандығы — әрбір азаматтың құқығы екенін атап өтті.

«Өзіміздің де, өзге елдің де адамдарының қазасы — төзуге болмайтын қайғы», — деді Пугачёва.

Әнші балалық шағындағы жоқшылық, майдангер әкесінің тағдыры, ағасының қасіретті өмір жолы, сондай-ақ шығармашылық биікке қалай жеткенін де еске алды. Ол «Арлекино» әнінен бастап «Золотой Орфейдегі» жеңісін, Чернобыль апатын жоюшыларға арналған концерттерін де баяндады.

Комментарии
Другие материалы