Сенатор: Адамзаттың ортақ құндылықтары Астанада тағы талқыланбақ

2205
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uA3HtlziLHhjlcRyOl9TvgDqWEYvcJaBYuAAR5pU.jpg

VII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі 17–18 қыркүйекте Астанада өтеді. Форумның қарсаңында өз ойларымен бөліскен сенатор Алишер Сатвалдиев съездің тарихи маңызына тоқталып, Мемлекет Басшысының реформалары арқасында ол символикалық алаңнан халықаралық деңгейде ықпалды институтқа айналғанын атап өтті.

– Сіздің ойыңызша, әлемдік және дәстүрлі діндерде қандай жалпыадамзаттық құндылықтар айқын көрініс табады?

– Әлемдік және дәстүрлі діндердің барлығында ортақ құндылықтар айқын көрініс тапқан. Бұл ең алдымен адам өмірін қастерлеу, бейбітшілікке ұмтылу, әділеттілік пен мейірім, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасы мен руханиятқа адалдық. Осы құндылықтардың бәрі қай дінді алсақ та, оның негізінде жатыр. Мәселен, исламда әділет пен қайырымдылыққа шақырса, христиан дінінде мейірім мен сүйіспеншілікке басымдық беріледі, буддизмде рухани үйлесім мен қанағат ұғымы алға шығады. Бәрінің түбінде адамға құрмет, бейбіт өмірді сақтау идеясы бар.

Қазақстан бастамашы болып отырған Съезд осы ортақ құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттауға үлкен үлес қосып келеді. Бұрынғыдай тек ұлттық немесе діни ерекшеліктер емес, жалпы адамзатқа ортақ асыл мұраттарды алға шығару Съездің басты міндеттерінің бірі. Бұл біздің елімізді шын мәнінде халықаралық бітімгерлік орталығы ретінде мойындатқан маңызды қадам.

Бүгінгі күні неге дәл осы әмбебап құндылықтар арқылы діндер арасындағы ортақ үндестікті іздеу маңызды болып отыр?

– Қазіргі жаһандық жағдайда сенімсіздік пен текетірес күшейіп тұрғаны жасырын емес. Әлемнің әр түкпірінде діни реңк берілген қақтығыстар орын алып жатыр. Осындай күрделі кезеңде діндер арасындағы ортақ үндестікті тек әмбебап құндылықтар арқылы табуға болады. Бұл бейбітшілік, төзімділік, әділеттілік, бірлік және адам құқықтарына құрмет.

Ғылыми-технологиялық прогресс адамзатқа үлкен мүмкіндіктер ашқанына қарамастан, біз әлі күнге дейін қақтығыстар мен экстремизмнен арыла алмай келеміз. Сондықтан әр діннің өзегінде жатқан ізгі идеяларды біріктіру – қазіргі заманның басты талабы. Қазақстан ұсынған диалог алаңы дәл осы мақсатқа қызмет етеді. Алдыңғы Съезде қабылданған шешімдер халықаралық деңгейде қолдау тауып отыр. Мысалы, VI Съезде қабылданған Декларацияда терроризмді дінмен байланыстыруға қарсы нақты үндеу жасалды. Бұл құжат бүгінгі таңда көптеген елдер үшін бағдаршамға айналды.

Бейбітшілік, келісім мен өзара түсіністікті ілгерілетуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің рөлі қандай?

– Съезд бүгінде тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін бірегей диалог алаңы. Алғашқы кезеңде ол көбіне символикалық сипатта болса, соңғы жылдары Мемлекет Басшысының бастамалары арқасында нақты шешімдер талқыланып, қабылданып жүр. VI Съездтің өзінде діни көшбасшылар мен саясаткерлер бірге отырып, экстремизм мен терроризмді еңсеру жолдарын талқылап, қақтығыстардың алдын алу бойынша ортақ көзқарастар білдіріп, нақты шешімдер шығарды.

Съезд аясында қабылданған құжаттар халықаралық ұйымдар деңгейінде де қолданыс табуда. Мәселен, БҰҰ мен ОБСЕ өкілдерінің қатысуы форумның маңыздылығын арттыра түседі. Сондай-ақ, Қазақстанның бастамасымен құрылған Н.Назарбаев орталығы әлемдік деңгейде тұрақты жұмыс істеп, дінаралық диалогты күнделікті тәртіпке енгізіп отыр. Мұның барлығы Съездің жаһандық бейбітшілікті ілгерілетудегі рөлін дәлелдейді.

Мемлекет Басшысының реформалары нәтижесінде съезд бұрынғыдай символикалық алаңнан шығып, шын мәнінде ықпалды институтқа айналғанын қалай бағалайсыз?

– Бұл жерде ең алдымен Мемлекет Басшысының саяси ерік-жігері мен реформаларының рөлін ерекше атап өтуіміз керек. Егер алғашқы съездер тек декларативті сипатта болып, белгілі бір идеяларды жариялаумен шектелсе, қазір бұл форум нақты шешімдер қабылданып, әлемдік деңгейде пікірталас тудыратын ықпалды алаңға айналды.

Бұған дәлел – VI Съездтің қорытындысында қабылданған Декларация. Ол тек Қазақстан ішінде ғана емес, халықаралық ұйымдарда да талқыланды. Онда діни лидерлердің экстремизм мен зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен үндеуі, босқындарды қорғау, БАҚ арқылы төзімділікті насихаттау сияқты нақты бағыттар белгіленді. Бұл жай ғана сөз емес, әлемдік деңгейде қолданылатын бағдарламаға айналып отыр. Енді санаулы күндерден кейін, 17–18 қыркүйекте VII Съезд өтеді. Бұл біздің елдің реформаларының нәтижесін тағы бір мәрте әлем алдында көрсететін үлкен тарихи оқиға болады деп сенемін.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Комментарии
Другие материалы