Салт-дәстүр – ұлттың мәңгілік коды

2127
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Pf9j9fSFpuMdqeh3OrtCXjUX0grxb43rmEEk5ixG.jpg

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері – ұлттың рухани өзегі, болмысын айқындайтын мәңгілік код. Қоғам дамыған сайын дәстүрлердің кейбірі ұмытылып бара жатқанымен, олардың тәрбиелік рөлі ешқашан жойылған емес. Десе де, "Бүгінгі жастар бұл салттарды қаншалықты біледі?" деген сұрақ көпшілікті ойландырады.

Бесікке салу – ұрпаққа алғашқы аманат

Бесікті қазақ «сәбидің бірінші мектебі» деп санаған. Бала дүниеге келгенде оған таза, жайлы бесік әзірленіп, арнайы «бесікке салу» рәсімі жасалады. Бұл тек тұрмыстық қажеттілік емес, сонымен бірге баланы ұйқыға, тыныштыққа, денсаулыққа бейімдеудің халықтық педагогикадағы ең көне түрі. Алматы қаласының тұрғыны Айман Әбдіғаппарова жас ана ретінде бесіктің пайдасын ерекше атап өтті.

«Алғашқыда біз бесік алуға күмәнмен қарадық. Бірақ үлкендеріміздің ақылымен қолдандық. Балам жақсы ұйықтайды, ал біз өзіміз де ұлттық дәстүрді жалғастырып жүргенімізге қуаныштымыз», – дейді ол.

Тұсау кесу – адалдыққа бастайтын қадам

Бала тәй-тәй басқан кезде «тұсау кесу» рәсімі жасалады. Дәстүр бойынша тұсауды ала жіппен кескен, себебі ала жіп – адалдықтың, ұрлық қылмаудың, жаман әдеттен аулақ болудың белгісі. Педагогика ғылымдарының кандидаты, этнограф Зәмзәгүл Қыдырәліқызы былай дейді: «Тұсау кесу – жай рәсім емес, баланың өмірлік жолының символдық бастамасы. Бала алғашқы қадамынан бастап адал болсын деген ниет жатыр. Қазір көп отбасы бұл дәстүрді той формасында өткізіп жүр, бірақ негізгі мәні ұмытылмауы тиіс».

Шынында да, бүгінгі қоғамда көптеген дәстүрлер мерекелік сипат алып, сыртқы көрініске көбірек мән берілуде. Алайда тұсау кесудің түпкі тәрбиелік мағынасы – баланы адалдыққа, әділдікке, таза өмірге жетелеу. Сондықтан бұл рәсімнің шынайы мәнін ұмытпай, оны ұрпақ санасына дұрыс жеткізу – ата-ана мен қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Қыз ұзату – елдік салттың айнасы

Қыз ұзату – қазақ қоғамындағы ең үлкен дәстүрдің бірі. Ол тек қалыңдықты жаңа отбасына шығарып салу емес, қыз тәрбиесінің, ата-ананың перзент алдындағы парызының қорытындысы іспеттес. Әрбір әдет-ғұрыптың астарында қызға деген құрмет пен жаңа өмірге аманаттау жатыр. Бұрынғы заманда қыз ұзатудың өзіндік жол-жоралғылары болған. Қыздың жасауы мұқият дайындалып, «сыңсу» айтылып, ауыл ақсақалдары бата берген. Бұл дәстүр арқылы қызға: «барған жеріңде абыройың асқақ болсын, ар-намысың таза болсын» деген ақ тілек қоса айтылған. Яғни қыз ұзату – қыздың ғана емес, бүкіл әулеттің абыройымен байланысты болған. Бүгінгі таңда қыз ұзату салтанаты көбіне шоуға айналып бара жатқаны жасырын емес. Дегенмен дәстүрдің мәнін жандандырып, мазмұнын сақтап өткізу – ұлттық болмысымыздың жалғасы. Өйткені қызды сыйлаған, ардақтаған қоғам ғана болашағына сеніммен қарай алады.

Бата беру – рухани тәрбие мектебі

Бата беру – қазақ халқының рухани өміріндегі ең қасиетті дәстүрлердің бірі. Ол – ұрпаққа ақ жол тілеп, ізгі ниетті жеткізудің, сондай-ақ тәлім-тәрбиенің ерекше түрі. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Қазақ қоғамында батаны ақсақалдар мен көпті көрген үлкендер берген. Әсіресе жас отау көтергендерге, сапарға аттанғандарға, жаңа іске кіріскен жандарға айтылған бата – олардың өмірлік ұстанымына айналып отырған. Батаның әрбір жолында ізгілікке шақыру, бірлікке үндейтін терең мағына бар.

Қазіргі таңда бата беру дәстүрі сақталғанымен, кей жерлерде ол қысқарып, жай ғана тілек айтуға ауысып барады. Ал шын мәнінде, бата – ұрпаққа өсиет. Мәселен, бірлікке, ынтымаққа шақыратын батаның тәрбиелік әсері зор. Жас ұрпақ осы дәстүрді үйренсе, сөздің қадірін, үлкеннің өнегесін терең түсінер еді. Сондықтан бата беру дәстүрін жандандыру – рухани құндылықты сақтаудың бір жолы. Бұл – ұрпаққа қалдырылатын асыл мұра, ұлттың мәңгілік коды.

Бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, бата беру – ұлттың өткенін бүгінгі күнмен жалғайтын алтын көпір. Бұл дәстүрлердің әрқайсысында жас ұрпаққа берілетін өнеге, тәрбиелік мән бар. Дәстүрін білмеген халық – болашағына сенімсіз халық. Сол себепті де салт-дәстүрді сақтау – тек өткенге құрмет емес, ертеңгі ұрпаққа қалдырылған аманат.

Комментарии
Другие материалы