Атына заты қайшы «Асыл Ұя». Тұрғындар мен сервистік қызмет арасындағы дау

3281
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MrxIzfSLAAOdvD8j3KgAdjgOt0gKvRVwrWa7dWQ3.jpg

Алматы қаласындағы Жалайыр көшесінде орналасқан  «Асыл Ұя» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірқатар заңбұзушылықтар мен сапасыз қызмет көрсету мәселелеріне байланысты дабыл қағуда. Кешенді 2023 жылы салған AKAS құрылыс компаниясы берген уәделердің көпшілігі орындалмағанын айтқан тұрғындар 19 шілде күні ашық жиналыс өткізіп, қоғам мен уәкілетті органдардың назарын аударды.
 
«УӘДЕ ЕТІЛГЕН «КОМФОРТ» ҚАҒАЗДА ҚАЛҒАН»
 
Пәтерлер “комфорт” класына сай деп сатылғанымен, тұрғындар бүгінгі жағдай бұған мүлде сәйкес келмейтінін алға тартады. Құрылыс компаниясы кешен аумағы қоршалатыны туралы уәде бергенімен, бұл жұмыстар әлі күнге дейін жүзеге аспаған.
 
«Бұл тұрғын үй 2 жыл бұрын берілген. Бірақ қазір сыртқы есіктері бұзылып тұр. Сапасы нашар. 6 корпусқа бір ғана қоқыс тастайтын орын бар. Ол сыртына дейін төгіліп жатады. Уәде етілген “комфорт” - қағазда ғана. КСК (ПИК – пәтер иелері кооперативі) қызметі де жұмысын дұрыс орындамайды. Бізден ақшасын алады, бірақ басшысын мүлде көрген жоқпыз», - дейді тұрғын Сәуле Омарова.
 
Оның айтуынша, кешен тұрғындары ПИК қызметінің үкімет балансына өткізілгенін және жаңа басқарушы компанияның келуін талап етіп отыр.
 
«Су да, жарық та қымбат. Біз мекемелер секілді коммерциялық бағада төлейміз. Бәрін уақытында төлегенімізбен, талапқа мүлде сай емес. Осы күнге дейін КСК бірде-бір рет есеп берген жоқ. Тек ақша жинауды ғана білді”, - дейді Сәуле Омарова.
 
Кешенді басқару қызметі тұрғындардың сын тезіне ілігіп келеді. Тұрғындардың сөзінше, аулалар мен арықтар қоқысқа толып жатыр, көгалдарға су құю жүйелі түрде жүргізілмейді. Санитарлық талаптар сақталмайды – мысалы, канализация апаттарынан кейін жертөлелерде дезинфекция жасалмаған. Бұл тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
 
“Бізде КСК қызметі міндетін дұрыс атқармайды. Аймақ абаттандырылмаған, оны қарап та жатқан жоқ. Газондар мен ағаштарға су құйылмайды. Дәлізді жумайды. Бүгін ғана құрылыс компаниясы үш ай өткен соң балансты үкіметке ауыстыратындарын айтып уәде беріп отыр. Бұл уәде бұрын да берілген”, - дейді тұрғын Ботагөз Есенғалиқызы.
 
Тұрғындар коммуналдық төлемдердің дұрыстығын да күмәнмен қарайды. Тарифтердің нақты есебі жоқ, ал шығындар туралы ақпарат тұрғындарға ашық ұсынылмайды. Ал сервистік қызмет етуші мекеме (ПИК) басшысы Пархат Базарбайұлы тұрғындардың 6 миллионнан астам қарызы бар екенін айтады. Алайда, оның нақты есебін бермеген.
 
Енді тұрғындар бірауыздан келісіп, сервистік қызмет етуші мекемені ауыстыруда. Дегенмен, бұрынғы мекеме бүлдірген істерін жөндеп, нақты есеп беріп, заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.
 
ҚАУІПСІЗДІК ПЕН БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ
 
Кешенде орнатылған бейнебақылау жүйесі тек кіреберістермен шектелген. Лифттер мен жоғарғы қабаттарда камералар мүлде жоқ. Бұл жағдай жуырда орын алған ұрлық оқиғаларынан кейін айқын байқалған.

«Бірнеше велосипед ұрланды, көлікке зақым келтірілді. Бірақ сапасыз бейнежазбалардан қылмыскерлер анықталмады. Күзетке қатысты құрылыс компаниясы уәде берген, бірақ ештеңе жасалмады», - дейді тұрғындар.

AKAS компаниясы уәде еткен күзет те іске қосылмаған. Аталған құрылыс компаниясының сенімді өкілі Ақпан Әміржанның көлікке арналған тосқауыл мен күзетті тұрғандар ақша жинап, өздері орнатуы керегін айтады.
 
Сонымен қатар, жертөле жайларының сатылымға шығарылуы да наразылық тудырды. Тұрғындардың айтуынша, бұл нысандар заң бойынша тұрғындардың ортақ меншігі болып есептелуі тиіс. Ал құрылыс компаниясы жоба бойынша, жертөледегі орындар сатылатынын айтты.
 
Одан бөлек, тұрғын үй кешені әлі күнге дейін қала балансына берілмеген. Бұл жағдай тұрғындардың құқықтық мәртебесін күмәнді етіп, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда жауапты тарапты анықтауды қиындатып отыр.
 
Жоғары да айтылғандай, құрылыс компаниясы бұл мәселені шешіп бермек.
 
«Біз бұл проблемалармен бірнеше рет әкімдікке, басқарушы компанияға жүгіндік. Алайда, нақты жауап та, нәтиже де жоқ. Біз енді бұл жағдайды жария етіп, мәселенің шешімін қоғам болып талап етіп отырмыз”, - дейді тұрғындар.

Дана Нұрмұханбет
«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии
Другие материалы