Президент Тоқаев Әзербайжанға алғыс айтты

1312
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OG6X5moB951LUdXY7dZnkKM1gf5mSk89Ag3a5ecu.jpg

Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) штаб-пәтерінің ашылу рәсімінде Әзербайжан мемлекетіне алғыс айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президент елімізде дипломатия саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан «дала дипломатиясы» бейбітшілікті сақтаудың ерекше үлгісі болғанын атап өтті.

«Бабаларымыздың мәмілегерлік дәстүрінің арқасында Ұлы даламызда бейбіт өмір салтанат құрды. Құрмет пен сыйластық – қастерлі құндылығымыз. Бұл қағидалар — Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты ұстаным», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев АӨСШК штаб-пәтерінің Астанада ашылуын тарихи оқиға деп бағалап, бұл ұйымның 30 жылдан бері Азия елдері арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп келе жатқанын айтты.

«Азияның 90 пайызын және әлем халқының жартысынан астамын қамтитын АӨСШК – қазіргі халықаралық қатынастардың маңызды бөлігіне айналды. Біз әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық тек диалог және өзара түсіністік арқылы орнайды деп сендік», – деді Тоқаев.

Президент геосаяси жағдайдың ушығуы мен халықаралық құқықтың ережелерінің бұзылуы жаһандық тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіріп отырғанына тоқталды. Ол халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық АӨСШК қатысушыларына табыс тілеп, ұйымның дамуына елеулі үлес қосқан Әзербайжан мемлекетіне ерекше ризашылығын білдірді.

«Қазақстанның сенімді досы – Әзербайжан еліне ұйымға жоғары деңгейде төрағалық еткені және АӨСШК-нің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы

Комментарии
Другие материалы