Таяу Шығысты түртпектеген Трамп Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы айтты

1404
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SCXEUpu8VVBbXtrQBpdf8f76dyhJAlbhB6vFdGTW.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығысқа байланысты бейбіт келісімге қол жеткізілгенін хабарлады. Бұл туралы ол 24 маусым күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, алдағы бірнеше сағат ішінде тараптар толық және түбегейлі  атысты тоқтату режимін орнатады.

«Израиль мен Иран толық және түбегейлі атысты тоқтату туралы келісті. Қазіргі сәттен бастап шамамен 6 сағат ішінде тараптар өздерінің соңғы әскери миссияларын аяқтайды. Осыдан кейін 12 сағат ішінде соғыс аяқталған деп жарияланады», — деді Трамп мәлімдемесінде.

Оның сөзіне сенсек, Иран атысты тоқтатуды бірінші болып бастайды. Ал 12 сағат өткен соң Израиль де соғыс әрекеттерін доғарады. 24 сағат ішінде бүкіл әлем 12 күнге созылған соғыстың ресми аяқталғанын жариялап қарсы алмақ.

«Бұл соғыс жылдарға созылып, бүкіл Таяу Шығысты жойып жіберуі мүмкін еді. Бірақ ол болмады, енді ешқашан болмайды да! Құдай Израильді жарылқасын, Құдай Иранды жарылқасын, Құдай Таяу Шығысты жарылқасын, Құдай Америка Құрама Штаттарын жарылқасын, Құдай бүкіл әлемді жарылқасын!» - деп аяқтады АҚШ президенті өзінің сөзінде.

Алайда, Трамптың бұл мәлімдемесіне байланысты Иран да, Израиль де ресми түсініктеме берген жоқ. Тараптар атысты тоқтату туралы қандай да бір келісімге келіскен-келіспегені әзірге белгісіз.

Еске салсақ, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс соңғы аптада ушығып, аймақтағы жағдайды күрделендіріп жіберген болатын. 12 күнге созылған бұл әскери қақтығыста жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.

Комментарии
Другие материалы