2022 жылы қасиетті Қадір түні - 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн. Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болатын Қадір түні жайлы "Адырна" ұлттық порталының дерекқорынан оқыңыз.
"Қадір" сөзі нені білдіреді?
Қадір түні жайлы Құранның "Қадір" сүресінде:"Біз оны (Құран) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні Раббыларыңның рұқсатымен бүкіл періштелер және рух (Жәбірейіл) әрбір іс үшін жер жүзіне түседі. Бұл түні есендікке толы болады. Ол таң шапағына дейін жалғасады" деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Кімде кім Қадір түнінің мол сауабына сеніп, ықыласпен өткізсе, күнәлары кешіріледі" деп бұйырды.
Біріншіден, "Қадір" сөзі "үкім кесілетін түн" дегенді білдіреді. Бұл жайлы Құран Кәрімде "Ол кеште барлық хикметті істер айырылады" деп бұйырылады. Осыған орай, Қадір түнінде Алланың тағдырды үкім ететін мезгілі, яғни әуелгі тағдырдың (ләухул-махфуз) паш етілуі меңзелген.
Екіншіден, "Қадір" сөзі "абырой, ұлылық, орасан зор" мағынасын береді. Себебі, Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады.
Үшіншіден, "Қадір" сөзі "сығылысу, нығыздалу" мағынасын береді. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады.
Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді", - деген. Тағы бір хадисте: "Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады", - деген. Ендеше Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған.