Құрметті, АЗАТКЕРЛЕР! Бұл АНЫҚТАМАЛЫҚ тірнектеп жүріп жинаған мәліметтер. Кезінде 400 мың мүшесі болған азаттың 400 белсендісі болғаны анық. Бірақ әзірге жиналған мәліметтер осы. Жеке фото мен "Азат" қозғалысында еткен еңбектерін, қатысқан шараларын жазып жіберуге болады. Біздің міндетіміз жиналған мәліметті түзетіп, бір жинақ шығару. Мына мекенжайға мәлімет жіберіңіздер: erserik@gmail.com
АДАЙ Сабыр Шеркешбайұлы
Сабыр Адай Шеркешбайұлы 1960 жылы, қыркүйек айының 30 жұлдызында Қарақалпақстанның, Шоманай ауданында туды. Орта мектепті Маңғыстау облысы, Бейнеу кентінен бітірді. 1981 жылы Алматы цирк-өнер студиясының профессор Құбыш Мұхитов күй класын, кейін Орал педогогикалық институтын бітірді.
Еңбек өмір жолын 1981 – 1984 жылдары Бейнеу аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, 1984 – 1990 жылдары Бейнеу мәдениет үйінің директоры, 1991 – 1996 жылдары аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1997 – 1999 жылдары Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының жанындағы ғылыми әдістемелік орталығы шығармашылық бөлімі бастығы, 1999 – 2002 жылдары облыстық мәдениет басқармасының орынбасары, республикалық «Үш Қиян» тәуелсіз газетінде қызметтер атқарды. 2002 – 2009 жылдары «Адай» қайырымдылық қорынның идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлім бастығы болды.
Сабыр Адай ақын (сурып салма), сазгер, әнші және өнертанушы. Ол шығармашылық және өнер саласында 2003 – 2006 жылдары Республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы болды. 2002 жылы оның «Әр қазақ – менің жалғызым» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Ол «Адай Ата» рухани тарихи-мәдени кешенді этнографиялық орталықтың авторы. Бүкілодақтық Халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты (1987 ж.), 2003 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
2001 жылы оның шығармасы Қазақстанның соңғы 200 жылдағы таңдаулы 50 ақынның шығармашылық алтын қорына енгізілді. 2003 жылы халықаралық ЮНЕСКО-ның аясында өткен Махамбет Өтемісұлының 200-жылдық мерейтойына арналған әдеби шығармашылық байқауының жүлдегері атанды. Поэзия номинациясы бойынша Халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты болды. Оған 2003 жылы Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері атағы берілді. 2006 жылы Президент сыйлығының иегері болды. 2005 жылы Бейнеу, 2007 жылы Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Сабыр Адай қоғамдық жұмыстарда «Парасат», «Маңғыстау – 21» қозғалыстарының мүшесі болды. 1991 жылы Сайын Шапағатовпен бірге Батыс Қазақстан облысында болып, Орал казактарының сепаратистік топтарына тойтарыс беру үшін бір топ маңғыстаулықтардың қатарында өз үлесін қосты. 2002 жылы атом қалдықтарын Маңғыстауға әкеліп көму туралы бір топ парламент депутаттары мен «Казатомпром» компаниясы басшыларының бастамасына қарсы «Үш қиян» републикалық газеті арқылы қарсылық акциясын ұйымдастырып, ел арасында қоғамдық пікір қалыптастыруға белсене араласты. «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысы басшылығы мен бірге қарсылық қол жинауға ат салысты.
2003 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ын «Казмұнайгаз» ұлттық компаниясына қосу туралы үкімет басшыларының ұстанымына байланысты «Үш қиян» газеті арқылы облыс тұрғындары арасында қоғамдық пікір туғызып, мұнайшылардың, өлке ақсақалдарының, қоғамдық ұйымдардың бұл шешіммен келіспейтіндерін, оның нәтижесі халықтың тұрмыстық жағдайына кері әсерін туғызатыны туралы пікір, ой, ұсыныстарын газет арқылы республика жұртшылығына, облыс, республика басшыларына, Ел басына дейін жеткізуге мұрындық болды.
Сабыр Шеркешбайұлы демократиялық бағыттағы қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болып, шешуші кезеңдерде олардың өлке тағдырына байланысты ұстанымдарын қолдап отырды. Әсіресе «Парасат» қозғалысының тұңғыш төрағасы Сайын Шапағатов туралы ой, толғаныс өлеңдерін жазып, оның ісін, азаматтық обрызын, портретін сомдап, оны халық тағдыры үшін бар өмірін арнаған көсем ретінде көрсете білді. Оның қазіргідей қиын сәттерде халқына бұрынғыдан да қажет екенін өкіне жырлады. «Адай – Ата» рухани тарихи-мәдени кешенін салу арқылы – ол Маңғыстаудағы ең биік жер Отпан тауын – ұлттық иделогияны қалыптастыратын, ата-салт дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді дәріптейтін, халқымызды бірлікке, тірілікке, ірілікке шақыратын, жастарымызға рухани тәрбие беретін қазақ еліне ортақ киелі – тарихи орынға айналдырды. «Парасат» қозғалысының, «Қосай Ата» қорының және басқа да қоғамдық ұйымдардың ұсынысымен оған 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты «Адай Ата – Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешенін салудағы және қоғамға сіңірген еңбегі үшін «Ер Қосай» медалі берілді.
Сабыр Адай бүгінгі таңда шығармашылықпен айналысып, ұлттық руханият пен қазақ тілінің өркендеуіне қызмет жасап келеді.
Сабыр Шеркешбайұлы көп балалы отбасының басшысы. Ақтау қаласында тұрады.
AЙДАРБЕК Жомарт Аққазиұлы
1962 жылы 16 каңтарда Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Теректі ауылында дүниеге келген. Мамандығы - педагог, мәдениет қызметкері. 1988 жылы Әбу Насыр әл-Фараби атындығы Шымкент педагогикалық-мәдениет институтын бітірген.
Қазақстанда тұңғыш құрылған (1989 ж.) «Парасат» қоғамдық, саяси-демократиялық қозғалысының, «Азат» азаматтық қозғалысының облыстағы белсенді мүшелерінің бірі, облыстық Кеңес мүшесі. Республикалық партияның Маңғыстау ауданы бойынша төрағасы (1991) болды.
Жомарт Айдарбек 1997 жылдан «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесінің мүшесі және 2003 жылдан кеңес төрағасының орынбасары. Облыстық Кеңестің мүшесі ретінде «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесі ұйымдастырған шараларға ұйытқы болып, көптеген игі істердің басы-қасында жүрді. Ол Тельман елді мекеніне Сайын Шапағатовтың есімінің берілуіне, жерді сату туралы заңды қабылдатпау үшін бүкілхалықтық референдум жариялау туралы демократиялық ұйымдардың Алматы қаласында ұйымдастырған республикалық деңгейдегі жиналысына, 2002 жылы Алматыда циркте ұйымдастырылған ҚДТ қозғалысының құрылтайына және митенгіге, «Азат» қоғамдық қозғалысының кеңейтілген жиналысына, конституцияда көрсетілген «Өзін-өзі басқару туралы» заңды өмірге енгізу мақсатында өлкемізде ұйымдастырылған қабылдануға тиісті заңдар туралы қоғамдық тыңдауларға, «Парасат» қозғалысы ұйымдастырған барлық акциялар мен жиналыстарға қатысып, оның шешімдерін іске асыру мақсатында барлық күш-жігерін аямай жұмсады.
АЙМАХАНОВА Гүлсамал Төрединқызы
1961 жылы 21 қарашада Ақтөбе облысының Шалқар қаласында заң қызметкерінің отбасында жеті баланың бесіншісі болып, дүниеге келді. 1979 ж. №40 орта мектепті, 1985 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
1989 жылдан бастап Қазақстанның Тәуелсіздігі жолында қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты: Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» қозғалысының, облыстық «Жем» антиядролық тобының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, «Алдаспан» қоғамдық-саяси, мәдени бірлестігінің мүшесі болды.
1994 ж. ҚР алғашқы шақырылымында республикалық «Азат» азаматтық қозғалысы облыстық бөлімшесі атынан қалалық мәслихатқа №5 округтен депутат болып сайланды.
АҚАТАЕВ Сәбетқазы (1938 - 2003)
Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, жазушы.
1938 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында дүниеге келген. 1960 жылдары Мәскеуде қазақ студенттерімен бірге «Жас тұлпар» атты қазақ жастарының ұйымын құруға қатысты.
1987 жылдың 7 қаңтарынан бастап, Желтоқсан оқиғасының шындығын бүкіл әлемге жеткізу мәселесімен айналысқан. Осы қанды оқиғаның бетін ашатын мәтін әзірлеп, оны арнайы пленкаға түсіріп, Африка, Қытай, Америка және Венгрия елдеріне жіберді. Мажарстандық Иштван Қоңырдың көмегімен сол мәтін Еуропа еліне таралып, Желтоқсан оқиғасының шындығы бүкіл әлемге жайылды.
С.Ақатаев - Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының негізін салушылардың бірі. 1990-1991 жылдары ұйым басшыларының бірі болды. Ол 1991 жылы қазан айында Қазақстанның Халықтық республкалық партиясын құрып, басқарды. Ол өмірінің соңына дейін Қазақстан тәуелсіздігіне адал еңбек етіп, өз үлесін қосып кеткен ұлттық қайраткер.
АМАНҒАЛИ Мұханбетияр Бисұлтанұлы 1954 жылы 28 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туған. 1990 жылдан бастап «Алдаспан» қоғамдық бірлестігі, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Өрлеу» қоғамдық-саяси және «Ана тілі» қоғамдық ұйымдарында төраға, төрағаның орынбасары болып, белсенді жұмыс жасап, облыстың қоғамдық-саяси істеріне араласты. 1994-1999 жылдары Ақтөбе қалалық маслихатының депутаты болып сайланды. Депутаттық міндетін атқаруда ұлттық құндылықтарды қорғауға зор үлес қосты. 90-жылдары Ақтөбе қаласындағы «Алдаспан» ұйымының белсенді мүшесі болды, кейін «Азат» азаматтық қозғалысының аясындағы шараларына белсене араласты. АРАЛБАЕВ Данияр Аралбайұлы 1949 жылы 1 қазанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылында дүниеге келді. Атырау мемлекеттік педогогикалық институтының тарих факультетін 1975 жылы бітірген. Данияр Аралбайұлы 1989 жылдан бері «Парасат» қозғалысының мүшесі. 1997 жылдан «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесінің төрағасы. 1994-1999 жылдары тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы шақырылымындағы тұңғыш рет демократиялық жолмен сайланған Ақтау қалалық мәслихатының депутаты. «Азат» қозғалысының ұжымдық мүшесі болып табылатын «Парасат» қозғалысының аясында: қазақ тілінің тағдыры, қазақ бала-бақшаларын, мектептерді көбейту және қазақ тіліне шынайы мемлекеттік мәртебе беру, жер атауларына бұрынғы тарихи есімдерін қайтару, ата салт-дәстүрді жаңғырту, Әулие Аталарды құрметтеу мен бірге халықтың әлеуметтік мәселелерін (жұмыссыздық, экология, экономика және адам хұқы) көтерді. Данияр Аралбайұлы 2004-2010 жылдар аралығында облыстық Ономастика комиссиясының мүшесі болды.Оның араласуымен 2006 жылы туған жері Тельман елді мекеніне еліміздің бір туар перзенті Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың есімі берілді. АРЫСТАНОВ Серік Айбалаұлы (29.08.1958 -17.09.2019) Азат қозғалысының туын асқақтата желбіреткен, 90-жылдары Алаш азаттығы жолында жанқиярлық күрес үлгісін көрсеткен Сексеуіл кентінің арда азаматы. Ол лауазым мен қызметті халық қызмет деп ұққан есіл ерлерден еді. Ғұмырының соңына дейін Әділдік пен Адалдық үшін еңбек етті, күресті. Секең Сексеуіл локомотив депосында қызмет ете жүріп, «Азат» қозғалысының белсенді мүшесі болды. Азаттық жолындағы айбынды істерімен, жігерлі әрекетімен көзге түсті. Ол адал жар, асқар әке ретінде балаларына үлгі болды. АХМЕТОВ Көшкінбай Нұрмағанбетұлы Ахметов Көшкінбай Нұрмағанбетұлы – 1953 жылдың 1-ші қаңтарында Ақтөбе облысы Ақтөбе ауданының Елек елді мекенінде жұмысшы жанұясында туған. 1968 жылы Елек сегіз жылдық мектебін бітіріп, 1972 жылы Ақтөбе теміржол техникумын тәмамдады. 1991–1996 жылдары “Бекарыс” ШК басқарып, осы жылдары «Алдаспан» ҚБ, Азаматтық «Азат» қозғалысының Ақтөбе облыстық бөлімшесінің іс-шараларын қаржыландырып тұрды. 1989 жылдан бастап Тәуелсіздік жолында қоғамдық жұмысқа белсене араласуда: 1989-1990 - “Қазақ тілі ” қоғамы, Басқарма мүшесі. Бастауыш ұйым төрағасы. 1990-1991 - “Алдаспан” ҚСМБ, үйлестіру кеңесінің мүшесі. 1991-1994 - “Азат” ҚАҚ Ақтөбе бөл., үйлестіру кеңесінің мүшесі. 1994-2000 - “Азат” ҚАҚ Ақтөбе бөл., үйлестіру кеңесінің төрағасы. АХМЕТОВ Ізтұрған (1947 – 2004) Ахметов Ізтұрған 1947 жылы қыңтар айының 20 жұлдызы күні Маңғыстау ауданы Тиген елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек өмір жолын ол 1964 жылы Ералиев кентінде байланыс қызметінің электромонтері, 1966-1985 жылдар Манғыстаугеология барлау тресінде монтер, жөндеуші, жүк тасымалдаушы, құрлысшы, моторист, спорт нұсқаушысы, 1985-1992 жылдар Ералиев (қазіргі Құрық) аудандық «Коммунизм таңы», «Түлеген түбек» газетінің тілшісі, хаттар бөлімінің меңгерушісі, 1992-1993 жылдар Ералиев поселкелік кеңесінің төраға орынбасары, 1993 1994-1996 жылдар Қарақия аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Сауап» қайырымдылық қоғамының төрағасы, 1996-2000 жылдары «Маңғыстау» облыстық газетінің Қарақия ауданы бойынша меншікті тілшісі, 2000-2003 жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокопаниясының кореспенденті, 2003-2004 жылдары облыстық драма театрыны МҚК әдеби бөлімінің меңгерушісі. Ізтұрған Ахметұлы осы қызметте жүрген уақытта 2004 жылы желтоқсан айының 30 жұлдызы күні 57 жасқа толар шағында кенеттен қайтыс болды. Ізтұрған Ахметұлы өлкеміздің қоғамдық саяси өміріне де атсалысқан азамат. Ол Қарақия аудандық мәслихатының II, III шақырылымының және Маңғыстау облыстық мәслихатының I шақырылымының депутаты. 1989 жылдан «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысының белсенді мүшесі. 1997 жылдан Қарақия аудандық «Парасат» ұйымының жетекшісі. Ауданда алғаш рет «Сауап» қайырымдылық қоғамын құрып, жастарды имандылыққа, ата-салт дәстүрге, ұлтын сүюге тәрбиелеуге аянбай өз үлесін, қажыр-қайратын қосқан ел үшін еңіреген аяулы абазал азамат. Саяси мінбелерден ел жағдайын көтеріп, басқарушы билікке батыл талап-тілектер қоя білген сяаси тұлға-қоғам қайраткері. Сонымен қатар Ізтұрған Ахметұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Оның жергілікті, облыстық және республикалық газеттерде көптеген қоғам өміріне байланысты әлеуметтік тақырыптарға арналған сындарлы мақалалары, әңгімелер мен публистикалық шығармалары, өлеңдері мен сатиралық шығармалары жарияланды. ӘБІЛОВ Аманжол Күзембайұлы 1945 жылы Қостанай облысының Мендіғара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келген.1964 жылы Қостанай қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ мектебін бітіргеннен кейін, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында қазақ тарихы, археологиясы, этнографиясы, антропологиясы салаларынан арнаулы білім алған ол бүкіл ғұмырын ғылымға арнады. Тарих ғылымының докторы, профессор. А.Күзембайұлы Қарағанды мемлкеттік педагогика институтының жалпы тарих кафедрасына оқу министрлігінің жол-дамасымен 1969 жылдың 04 қыркүйегінде қызметке орналасты. Ол бұл кафе-драда ерте дүние тарихынан сабақ берді. Институттың және қаланың қоғам-дық өміріне белсене араласты. 1971 жылы Аманжол аспирантураға түсті. Ғылыми жетекшісі болып тарих ғылымының докторы, профессор Әмір Қанапин бекітілді. Ғылыми зерттеу жұмысын уақытынан бұрын қорғаған А. Күзембайұлы Қарағандыға қайта оралып, 1973 жылдың мамыр айында Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы Ғылыми Кеңесте ол өзінің кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Қазақ тарихшыларының ішінде 80-90 жылдары халқымыздың тарихын қайта жазу қажеттілігін айта бастағандардың ішінде Аманжол да болды. 1987 жылы жазылған “Казахстан в древности” атты оқу құралы тарихшылар арасында үлкен сұранысқа ие болды. 1992 жылы осы кітап кеңейтіліп, хронологиялық шегі ұзартылып жоғарғы мектеп студенттері үшін оқулық ретінде басылып шықты. Оқулықта көптеген соны пікірлер айтылды. Қазақ тарихының күрделі мәселелері жаңа көзқараста талданып, ұлттық тұрғыдан көрініс тапты. 1993 жылы оқулық Қазақ академиясының тарих және этнология институт бөлімдерінің бірккен мәжілісінде талқыланып жоғары бағаланды. Сол жылы ол осы институт жанындағы докторлық Кеңесте “Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихына жаңа тұжырымдама тұрғысы негізінде қайта қарау” деп аталатын докторлық диссертациясын қорғады. А. Күзембайұлы 90-жылдардағы саяси процессінде белсене қатнасқан адам. Сол жылдардағы бүкілхалықтық “Азат” қозғалысының басшыларының бірі ретінде елге танымал болды. Республикалық «Азат» саяси партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде ол елде демократиялық үрдістің қалыптасуына өз үлесін қосты. Ол 200 ден астам ғылыми еңбек жазып, 12 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын дайындап шығарды. ӘЛИ Жайлау 1952 жылы 3 ақпанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл қыстағында дүниеге келген. Қызылорда қаласы Тасбөгет қыстағындағы № 114 кәсіптік-техникалық училищені бітірген. 1990 жылы әуелі Сексеуіл қыстағында, сосын Арал ауданында «Азат» қозғалысының бастауыш ұйымын құруға қатысөан. 1991 жылы қыркүйек айында Орал қаласындағы орыс казактарының бүлігіне қарсы акцияға, Семейдегі «Аттан, Қазақстан» жиынына қатысқан. 2005 -2012 жылдары ҚДТ, «Алға» қозғалыс және партиясының белсендісі. 1990 жылдан бері үзбей демократиялық күштердің қатарында қоғамдық-саяси белсенділігін тоқтатпай жұмыс жүргізіп келе жатқан бірегей белсенді. БАБАЛЫҚҰЛЫ Жағда 1917 жылы 21 қарашада ҚХР, СУАР, Іле Қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Ұты-Құжырты тауында дүниеге келген. Мектепті Тарбағатай аймағының орталығы ІІІәуешек қаласында бітіріп, Үрімші қаласындағы «Шың-Жаң-Шөян» институтында оқыған. 1944-1945 жылдары ұлт-азаттық ұйымның жұмысына қатысқаны үшін «Туфи-бандит» атанып, абақтыға қамалған. 1945-1949 жылдары Шығыс Түркістан республикасының ұлт-азаттық әскерінің қатарында подполковник шеніне дейін әртүрлі дәрежелі қызмет атқарып, Басштабтың саяси басқарма бастығының орынбасарына дейін көтерілген. Гоминдан әскеріне қарсы 23 ұрысқа қатынасып, үш рет жараланған (1947 жылы 8 ай әскери түрмеде қамауда болған). 1950-1958 жылдары Қытай халық-азаттық армиясы әскери сотының орынбасары, Іле Қазақ автономиялы, Тарбағатай аймағының әкімі, СУАР өкіметінің саяси-заң басқарма бастығы, Іле Қазақ автономиялы облысының төрағасы болып қызмет істеген. Сол кездерде жергілікті қазақтардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешу жолында табандылық танытып, біраз мәселелердін шешілуіне ықпал жасады. Қытай мемлекетінің аз санды ұлт өкілдерінің әліппесін латын әрпіне көшіруінің нәтижесінде қытай қазақтарының өзінің ата жұртындағы елінен ажырасып қалатынын түсініп, өз мүмкіншілігін пайдаланып, көптеген себептерді көлденең тартып, жергілікті қазақ әліппесін кирилицаға көшірді. Қытайдағы, Монғолиядағы және Қазақстан қазақтарын қосатын саясат жүргізетін ұлтшыл, оңшыл өте қауіпті элемент деген айып тағылып, 1958-1961 жылдары бостандықтан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. Еңбекпен түзету лагерінен босаған соң Қазақстанға келді. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде тергеліп, біраз уақытқа дейін бақылауда болды. Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты жазып, мақалаларын Венгрия, Чехия, АҚШ-ка жіберіп, бүкіл әлемге жариялады. 1989-1991 жылдары Қазақстандағы «Азат» қозғалысын кұруға белсене араласты. БАЙЖАНОВ Ілесбек Сейітұлы 15.02.1956 жылы бұрынғы Қазақ ССР - і, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар аудандағы Сталинабад ауылында (Коммунизм) қазақ жұмысшы отбасында дүниеге келген. Отбасылы, үйленген. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Немерелері бар. 1979 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия - технологиялық институтын(ЮКГУ) инженер - технолог мамандығы бойынша, 1997 жылы Алматы қаласындағы «Тұран» Университетін СЭҚ экономисі мамандығы бойынша бітірген. «ТУРАН» Университетінің аспирантурасында мұнай бизнесін дамыту саласы негізінде сырттай оқыған. Қосымша алған білімдері: 1982 жылы Москва институтының Шыршық филиалында Химия өндірісінің жетекші мамандарды қайта даярлау курсынан өткен. 1987 жылы - «Марксизма и Ленинизм университетін» бітірген. 1989 жыл - «Бухгалтерлік курсын», 1992 жылы АҚШ - тың Огайо штатындағы Кливленд қаласында «Сыртқы экономикалық қатынастар мамандығы бойынша білімін жоғарылату курсынан» өткен. 2005 – 2006 ж.ж. «Еңбек Академиясы» мен «Туран» университетінде мамандықты жоғарылату курстарын бітірген. 2009 жылы Қытай Халық Республикасындағы Пекин және Шанхай Мұнай өнеркәсібі Университетінде арнайы мамандық жетілдіру курсынан, 2011 жылы Астана қаласында «Кеден істері» жөніндегі арнайы курстарынан өткен. 2007 жылдан – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Жүздеген ғылыми, саяси, экологиялық, экономикалық, тарихи - танымдық мақалалардың авторы. Мақалалары Республикалық және ҚР облыстарында шығатын мерзімді баспасөздер мен Ғаламторда тұрақты түрде басылып келеді. Экономика, саясат, экология, тарих және танымдық тақырыптарға арналған бірнеше кітаптардың авторы. Қоғамдық негізде атқарған жұмыстары.- 1982 жыл. «Таджикхимпром» Бірлестігі Комсомол Ұйымының 1 хатшысының қоғамдық негіздегі орынбасары. 1984 жыл, Наурыз. СОКП (КПСС) мүшесі.
- 1986 жыл. 19 Желтоқсан. Шымкент мұнай өңдеу зауыты бастауыш партия комитетінің жиналысында Қазақстан Компартиясының 1 хатшысы Д.А.Қонаевты қорғап, және «Брежнев» алаңына шыққан қазақ жастарын жақтап, ОҚО Обкомының 2 - ші хатшысы Черненкомен айтысқаны үшін «ұлтшыл» атанып, қуғынға түсудің басталуы.
- 1988 жыл. Сәуір. Шымкент мұнай өңдеу зауыты КПСС бастауыш партия комитеті хатшысының қоғамдық негіздегі орынбасары.
- 1989 жыл. Наурыз. Шымкент. Оңтүстік Қазақстан Облыстық «Бетбұрыс» саяси-қоғам-дық ұйымы. Төраға.
- 1990 жыл. Шымкент. Наурыз. Оңтүстік Қазақстан Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы-ың Үйлестіру Кеңесінің мүшесі. Республикада облыстар арасында «Қазақ тілі» қоғамын тұңғыш құруды ұйымдастырушы.
- 1990 жыл, Қыркүйек. Шымкент. «Бетбұрыс» саяси қоғамдық ұйымының Республика-лық «Азат» Азаматтық саяси қозғалысына қосылып бірігуі. Оңтүстік Қазақстан Об-лыстық «Азат» Азаматтық саяси қозғалысының тең төрағасы.
- 1991 жыл, Маусым. Алматы. Республикалық «Азат» Азаматтық саяси қозғалысының Үйлестіру Кеңесінің мүшесі.
- 1991 жыл, 19 Тамыз. Мәскеудегі ГКПЧ - ға қарсылық білдіргені үшін, ОҚО Совет Төрағасы С.А.Терещенконың бұйрығымен қамауға алынуға тиісті 26 азаматтың бірі. Оралдағы, Көкшетау мен Ермактағы казактар қозғалысына, Қазақстанда 6 АЭС (Атом электростанциясын) салмақ болған Совет «Атомшыларына», Қазақстандағы ядролық жарылыстарға, «Союзсредмаш», «Роскосмос» пен Қазақстандағы шетелдік әскери – сынақ полигондарына қарсы белсенді күресті ұйымдастырушылардың бірі.
- 1991 жыл, Қазан. Алматы. Қазақстан Халық Конгресі партиясының Орталық ҮйлестіруКеңесінің мүшесі.
- 1991 жылдың Қазан айы – 1996 жылдың Желтоқсан айының арасы Оңтүстік Қазақстан облыстық Халық Конгресі партиясының төрағасының өндіріс саласы жөніндегі орынбасары, Шымкент Қалалық Халық Конгресі партиясының 1 хатшысы.
- 1995 – 1998 жылдар арасында стратегиялық коммуникациялар мен зауыттарды, жер асты мен үстіндегі табиғи қазба байлықтарды, колхоздар мен совхоздарды жекелендіруге және шетелдік инвесторларға беруге қарсы қозғалыстың басшысы.
- 2008 жылдың қазан айынан, 2013 жылдың ақпан айына дейін ОҚО бойынша полиция қызметін бақылайтын қоғамдық комиссияның мүшесі болған.
- 2010 жылдың 27 ақпанынан Оңтүстік Қазақстан облыстық «Тәуелсіздікті қорғау»
- 2012 жылдың 12 шілдесінен бастап 2015 жылдың тамызына дейін қоғамдық негізде «ПКОП» ЖШС кәсіподағының «Зауыт ақиқаты – Заводская правда» газетінің редакторлығын қоса атқарған.
- 01.10.2006 жылдың Қазан айынан бастап осы уақытқа дейін ОҚО «Ақиқат – 1» саяси қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
- 20. 04 күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, Жаныс би ауылында туған. Журналист.Заңгер. Ақтөбе Мемлекеттік университеті филология факультеті, Қазан университеті құқықтану факультетін бітірген. 1989-1990 – «Қазақ тілі» қоғамында Ақтөбе қалалық басқарма мүшесі. 1990-1991 – «Алдаспан» ҚСМБ, үйлестіру кеңесінің мүшесі. «Алдаспан» ұйымының шараларына ең жас мүше ретінде 10 –сыныптан бастап белсене қатысты.
- Сол кездегi қоғамдық қайшылықтардың, партия және өкiмет басшыларының жiберген саяси қателiктерiнің нәтижесінде туындаған халықтың наразылығына бей – берекет қозғалысына басшылық ету, саяси жаңа бағыт - бағдар беру, әлеуметтiк жағдай мен адам құқына байланысты туындаған қарама – қайшылық басқа ұлт өкiлдерiнiң кiнәсiнен емес екенiн түсiндiру, ұлт - аралық қақтығысқа айналып кетуiне жол бермеу;
- Партия және өкiмет басшылық аппаратындағы тоқырау кезеңнiң қабiлетсiз басшыларын жаңа буын жаңа бағыттағы мамандармен алмастыру;
- Тұрмыс жағдайлары нашар өз жерiнде өгей баладай күн кешкен жергiлiктi тұрғындар мен басқа ұлт өкiлдерiнiң әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, үймен қамтылуы және өз мамандығына сай жұмысқа орналасуына ықпал ету;
- Халықтардың мәдениетiн, тiлiн, әдеп – ғұрпын, салт – дәстүрiн, дiнiн дамытуға және әулие аруақтарды құрметтеуге, жастарды имандылыққа үлкендi құрметтеуге кiшiге қамқор болуға тәрбиелеуге, тарихи жер атаулары мен қала атауларын қалпына келтiруге, ұлттық бала – бақшалармен мектептер ашуға күш салу;
- Өндiрiстiң әртүрлi салаларына жергiлiктi ұлт өкiлдерi мамандарын көбiрек тарту, жұмысқа кiргiзу және болашақ ұлттық мамандарды дайындау үшiн жастарды оқуға жiберу, олардың оқу орынына түсуiне жағдай жасау;
- Өлкемiздiң және қоршаған ортаның табиғи байлығын қорғауға, экологиялық қауiпсiздiктi орнатуға бағытталған шараларға белсене араласу;
- Аймақтық экономикалық проблемаларды шешуге, заңсыздықпен күресуге және жеке адамдардың мүддесiн қорғауға регионалдық – қоғамдық күштердi жұмылдыру.