Мұқағали ақынды қорлау ісі. Блогерге қатысты сот отырысы өтті

1187
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_0739-960x500.jpeg?token=22c3734dcd7ed4336c0b9ece1ab938bc
Алматы қаласындағы Наурызбай аудандық сотында блогер Алишер Теменовтің үстінен қозғалған сот процесі жалғасуда. Ол қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтің шығармашылығын сынап, оны «бейшара еркек» деп атағаны үшін жауапқа тартылуда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп. Сот отырысына Теменов қоғамдық қорғаушысы Мейірман Шекеевпен бірге келді. Айта кетейік, блогер әзірге адвокат жалдамаған. Ол сот залында бейнежазба жүргізуге қарсылық білдірді. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 131-бабының 2-бөлігі – “Қорлау” бойынша қаралуда. Судья Бейнегүл Қайсынының төрағалығымен өтіп жатқан тыңдалымда поэзия алыптарының бірі Мұқағали Мақатаевтің ұлы Жұлдыз Мақатаев блогерден моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өндіріп алуды және әлеуметтік желілерде көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етті. «Біздің фамилиямызды қаралап, моральдық зиян келтірді. Мен шок жағдайында болдым. Мұндай ауыр сөздер үшін кешірім сұрауы – азаматтық парызы», – деді Жұлдыз Мақатаев. Шекеевтің айтуынша, Теменов өз әрекетіне өкініп, кешірім сұраған. «Екеуі де бір атаның балалары. Бәлкім, кешірім Сізге емес, жалпы жұртқа арналды. Бірақ ниеті бар», – деді ол. Даулы видео өткен жылдың қазан айында жарияланған. Онда Теменов Мақатаевтың шығармашылығын сынға алып, жеке басына тіл тигізген. Видео көп ұзамай өшірілгенімен, әлеуметтік желілерде кең таралып, халықтың ашу-ызасын туғызды. Ақынның туған жері – Қарасаз ауылында тұрғындар блогердің үйіне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Осыдан кейін Теменов әкесімен бірге ауылға келіп, жұртшылықтан кешірім сұрады. Сот отырысы барысында тараптарға 10 минуттық үзіліс беріліп, татуласу мүмкіндігі қарастырылды. Алайда Жұлдыз Мақатаев талаптар орындалмайынша бітімге келмейтінін айтты. Блогердің өзі – Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сұнқар ауылының тұрғыны. Ол сотта әйелі екінші баласына жүкті екенін, қызы бар екенін және тұрақты жұмыс істемейтінін, тек блог жүргізумен айналысатынын жеткізді. Бұған дейін сотталмаған. Келесі сот отырысы келесі аптада өтеді.
Комментарии