Қарсылық пен қақтығыс. Белсендінің соты Баймақты көтерді

5590
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Башқұртстандағы Баймақ қаласының он мыңнан аса тұрғыны сот ғимаратының алдына митингіге шығып жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Халық «ұлтаралық араздықты қоздырды» (РФ Қылмыстық кодексінің 282-бабының 1-бөлігі).  деген айыппен төрт жылға сотталған белсенді Фаил Алсыновты босатуды талап ету үшін Баймақ аудандық сотының алдындағы алаңға жиналды. Тергеу комитеті Алсыновқа қарсы істі Башқұртстан басшысы Радий Хабировтың шағымы бойынша қозғады. Наразылық білдірушілер Алсыновты «бермейміз» деп мәлімдеді.

2023 жылы Алсынов Башқұртстанда алтын өндіруге, сондай-ақ шахталардағы мигранттардың жұмысына қарсы наразылықтарға белсенді қатысқан. Тергеу қорытындысы бойынша, 2023 жылдың сәуір айында Ишмурзино ауылының тұрғындарының жиынында белсенді «башқұрт тілінде, Кавказ, Орта Азия және армяндар халықтарына қатысты, бұлар қара халықтар» деп өз пікірін білдірген.

Түркі халықтарының тілінде «қарапайым халық» деген мағынаны білдіретін сөзі үшін сот оны жалпы режимдегі колонияға 4 жылға қамау туралы үкім шығарды. 

 Фаил Алсынов өз кінәсін жоққа шығарып, башқұрт тілінде сөйлегенін және оның сөзі дұрыс түсіндірілмегенін айтып отыр. 

СОТ ОТЫРЫСЫНА ДЕЙІН

Отырыс басталар алдында қауіпсіздік қызметкерлері мен арнайы жасақ автобустарының көмегімен ғимаратқа жақындауды тоқтатты, деп  хабарлайды «Верстка». Басылымның хабарлауынша, сот ғимаратынан үш шақырым радиуста интернет өшірілген. Сонымен қатар, Ресейдің бірнеше аймақтарында WhatsApp желісінің жұмысында ақаулар орын алды, деп жазады Baza телеграм арнасы. Шағымдардың көпшілігі Башқұртстаннан болған.  

«Куштау Байрам» телеграм арнасының мәліметінше, бұл жерге бірнеше мың наразылық білдірушілер жиналды. «Верстка» арнасының есептеулеріне сәйкес, үш мыңдай адам туралы айтылса, кейін адамдар митинг орнына келуді жалғастырған. Кейінірек SOTAvision арнасы наразылық білдірушілердің санын 10 мыңға жеткенін бағалады.

Халық  «Бостандық», «Күш бірлікте» деп ұрандаған.

ПОЛИЦИЯМЕН ҚАҚТЫҒЫС

Үкім шығарылғаннан кейін наразылық білдірушілерді қамауға алу басталды. Арнайы жасақ митингке қатысушыларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды, деп хабарлайды SOTAvision тілшісі.

Оның айтуынша, қауіпсіздік қызметкерлері жиналғандарды дубинкамен ұрып, сонымен қатар көпшілікке түтін бомбаларын лақтырған. Бұған жауап ретінде наразылық білдірушілер арнайы жасақ пен полицияға қатып қалған қар мен мұз бөліктерін лақтырады, дейді. 

«Ер адамдарды аяусыз ұрып жатты. Дубинкалармен бастарынан ұрып, біреудің көзін ағызып жіберді», дейді

Қақтығыс болып жатқан жерде «Однажды в Башкирии» телеграм арнасы 300-ге жуық құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар деп жазады. Бұл ретте Baza олардың саны 600-ден астам деп отыр. «Однажды в Башкирии»  хабарлағандай, қауіпсіздік күштері жарық шу гранаталарын да қолданған. Оқиға орнынындағы бейнелерде жарылыстар естіледі.  

Зардап шеккендер мен ұсталғандар туралы хабар болғанмен, олардың саны белгісіз. Әр түрлі бағамдар бойынша зардап шеккендер-бірнеше адам, ұсталғандар саны 5-тен 20-ға дейін.

 

БҰҒАТТАУЛАР ЖӘНЕ КЕЛІССӨЗДЕР

БАҚ-ның хабарлауынша, «Куштау Байрам» телеграм арнасы қолжетімсіз болып тұр. Соңғы жазба Мәскеу уақытымен 12:59-да жарияланған. Бұл екінші рет, бір күн бұрын арна дәл осылай бұғатталған. Сондай-ақ, журналистер Баймақтағы наразылықтарды белсенді түрде жариялаған Rus News арнасының ашылмай қалғанын хабарлайды. 

Наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік қызметкерлері арасында келіссөздер басталды, деп хабарлайды «7х7». Басылымның мәліметінше, Фаил Алсыновтың әкесі келіссөз жүргізуші болып табылады. Ол қауіпсіздік қызметкерлеріне ұсталғандарды босатуды, ал наразылық білдірушілерге сот ғимаратының алдындағы алаңнан кетуді ұсынған.

SOTAvision мәліметтері бойынша, наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік қызметкерлері уақытша бітімге келісті.

Полиция Баймақтағы наразылық білдірушілерге қарсы жаппай тәртіпсіздіктер туралы қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды «РИА Новости» агенттігі Ішкі Істер Министрлігінің қоғамдық кеңесінің басшысына сілтеме жасап. 

Баймақ қаласы тұрғындарының саны 18 мыңға жуықтайды. 

Асхат Ахмедияр



Пікірлер