Шынымен, ол кезде кино – қызық нәрселерінің шыңы еді, өнердің жаңа бір қыры, енді ғана пайда болып, дамып жүрген сала еді. Жұрт қызығып киносеанстарға баратын еді. Теледидар, интернет жоқта, кино елдің жүрегінің төрін жаулап алды. Киноны көру емес, жасау, түсіру – Ораздың жаңа арманы болып кетті. Сол арманға қол жеткізу үшін, 1939 жылы Ораз Әбішев Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематоргафия институтына түсіп, оны сәтті тәмамдаған. Содан бері, жарты ғасырдан астам, Ораз Әбішев деректі фильмдерін түсірді. Шебердің туындыларының арасында Абай, Кенен, Қажымұқан, Талғат Бигелдинов туралы фильмдер бар. Әлемге әйгілі Абсент атты тұлпар туралы фильмді де түсірді. Жалпы, Ораз ағаның мұрасына 70-тен астам деректі фильм, 300-ден астам киножурнал кіреді. Фильмдерде Ораз Әбішев қойшылардың, балықшылардың, тын игерушілердің, бағбандардың еңбегін жан-жақтан көрсетеді. Әр бір тарихи тұлғаға арналған фильмі – өзі болып тұрған бір киноэнциклопедия. Кенен атаны көзі тірісінде таспаға түсіріп, бейнесін ұрпақтар үшін сақтап қалдыру да – Ораз Әбішевтің тарихта қалған еңбегі. Ал, Талғаттың ерлігі туралы фильм – баяғы батырлар туралы жыр-дастан секілді, бір айырмашылығы – экранға шыққан. Ораз ағаның шәкірттері – Сергей Әзімов, Сатыпалды Нарымбетов, Сіләмбек Тәукелов киноиндустрияда танымал есімдер болып табылады. Әріптестері – Искандер Тынышпаев, Марк Берокович, Эмир Файк, Ян вон Сик. Иван Чикноверов Ораз Әбішевті маман ретінде жоғары бағалады. Өмір бойы Алматыда тұрған Ораз Әбішев туған елін ешқашан ұмытқан жоқ, Абыралыға, Қайнарға ылғи баратын еді. Жасы сексеннен асса да, еліне барып қайтатын. Туған ауылында ұйымдастырылған «Қайнар», «Мейзек» ансамблдеріне гастрольменен сапарға шыққанда қашанда қаржылай жәрдем көрсеткен. Қолы ашық, пейілі кең, көңілі дархан, жомарт адам еді. Жастарға қашан да ақыл-кеңес беріп жүретін еді. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», - деген қазақ мақалы – Ораз ағаның сүйікті мақалы еді. Бұл сөз – оның өмірлік қағидасы еді. Сабырлы, салмақты, ақкөңіл, аузынан бір жаман сөз түспейтін Ораз аға ренжігенде, наразы болғанда, ашуланғысы, ұрысқысы келгенде «бюрократ» деген сөзді қолдаған, одан аспайтын боқауыз сөзді айтқан емес. Бюрократияны, екіжүзділікті, тәкаппарлықты жек көретін еді. Ораз Әбішев 96 жасында дүние салған. Деректі фильмінің атасы мұра қып қалдырған деректі фильмдерінің бай қоры бар. Шебердің есімі елдің есінде. Жыл сайын үздік деректі фильмдерді түсіретін режиссерлерге Ораз Әбішев атындағы жүлде беріледі. Ізбасарлары ісін жалғастырып жатыр
Асқар БАЙБӨРІ