Емшіге жүгінген науқас омыртқасын сындырып алған

1204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/12/panorama-013-960x500.jpg?token=2f9b7473b62de97e6fcdba74ec239b1a

Шымкент қаласында омыртқасына байланысты денсаулығы сыр берген науқас желіден тапқан халық емшісінің көмегіне жүгініп, ауыр жарақат алды. Бұл туралы №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Отырар” телеарнасына сілтеп.

Бас дәрігердің айтуынша, науқас емшіге барғаннан кейін ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

«Науқастың сөзіне қарағанда, кереуетке жатқызып қойып, балғамен ұрған. Салдарынан екі аяғында жансыздану болған. Сөйтіп ертесіне қайта келуді сұраған. Бірақ сол күні кешкісін бізге жедел жәрдеммен жеткізілді. Тез арада тексеру жүргіздік. Омыртқасын сындырып жіберген. Жұлынға да зақым келген. Науқас бізде бірнеше уақыт жатып, толықтай емделіп шықты. Екі аяғына жан бітті. Үйіне шығарылды», – дейді Бақытжан Позилов.

Телеарнаның хабарлауынша, қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Алайда дәрігерлер тұрғындарды мұндай жағдайлардан сақ болуға шақырып, денсаулықты тек кәсіби мамандарға сеніп тапсыру керектігін ескертеді.

 «Түрлі остеохондрозда, бел омыртқасы, мойын омыртқасы жарықтарында ешқандай дипломы жоқ мамандар әдістерді қолданып жатады. Қорқынышты әдістер. Кейде үлкен салмақтағы кісілерді аяғындағы саусағына байлап қойып, белінен ұрып жататын жағдайларды желіден байқаймын. Үстінен секіріп жатады. Мойнын қытырлатып жатады.

Бұл өте қауіпті жағдай. Денсаулығыңыз сыр берсе, дәрігерге бару керек. Рентген жасау керек. МРТ түсіру керек. Кез-келген ауруды остеохондроз екен деп, тоқпақтай беруге болмайды. Омыртқаға, жұлынға зиян», – деп түсіндірді Позилов.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген халық емшілер қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева да омыртқаны ұрып емдеу тәсілін құптамайтынын жеткізді.

 «Ұрып емдеген емшілерге мен қосылмаймын. Өйткені, ол дұрыс емес. Ұрып емдеу, сүйектің, омыртқаның қисаюынан болады. Оны емдейтін адамдар болады. Әр аурудың өз маманы болады. Мысалы, тіс аурудың маманы, гинеколог бола алмайды. Остеохондроз деген қан жақсы жүрмегендіктен болады. Қимыл аздықтан болады. Көп отырғаннан болады. Омыртқаны созу керек. Жаттығу жасату керек. Бірақ біз маманы емеспіз. Сосын массаж жасаймыз. Көп адамдар сертификат алады. Қолдың биотогын тексереді. Құжатымыз түгел. Құжатсыз емдейтіндер бар. Анадан көріп, мынадан көріп, ем бар екен деп қолданатын адамдар да көп», – деді емші.

Дәрігерлер мен білікті мамандар халықты өз денсаулығына бейжай қарамауға және тек медициналық білімі бар мамандардан ғана кеңес алуға шақырып отыр.

Comments