Қырғызстан Қытаймен арадағы келісімді үзді

2104
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/foto-қyrғyzstan-960x500.jpg?token=139d94969a49a74d00224ed14b079812

Қырғызстан министрлер кабинеті Қытайдың CITIC Merchant компаниясы және қырғызстандық «Модуль Хаус» ЖШС-пен «Асман» экологиялық таза қаласын салу жобасы бойынша инвестициялық келісімді ресми түрде бұзды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Тиісті құжатқа 23 сәуір күні премьер-министр Адырбек Қасымалиев қол қойған.

Құжатта 2024 жылғы 13 қарашада қабылданған №724-р санды үкімет қаулысы өз күшін жойғаны атап өтілген. Алайда келісімді бұзу себебі нақты көрсетілмеген.

Бұған дейінгі келісімге сәйкес, қытайлық қаржы-өнеркәсіптік конгломерат CITIC Merchant және Қырғызстанда тіркелген, тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салумен айналысатын «Модуль Хаус» компаниясы жобаға 480 миллион доллар инвестиция салуы тиіс еді. Оларға Ыстықкөл облысы, Тамшы ауылдық аймағынан 4015 гектар жер 49 жыл мерзімге берілген. Құрылысты 2024 жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмей бастау жоспарланған болатын.

Жоба аясында заманауи инфрақұрылымы бар экологиялық таза қала салу көзделген. Құрылыс аяқталған соң CITIC Merchant пен «Модуль Хаус» 49 жылға объектілерді иеленіп, басқару құқығына ие болмақ. Ал құрылыс нысандарының 10 пайызы мемлекет меншігіне өтетін еді.

Айта кетейік, 2023 жылдың маусым айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Асман қаласының құрылысын салтанатты түрде бастап, арнайы капсула салған болатын. 2024 жылдың қарашасында үкімет тарапынан 480 млн доллар бөлінетіні хабарланған. Жобаның жалпы құны шамамен 20 миллиард доллар деп бағаланған, құрылыс мерзімі – 7-8 жыл.

Comments