131 заңсыз мигрантты қайтарғаны үшін. АҚШ Өзбекстан президентіне алғыс айтты

2070
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/02/c9c8eae8-3q82phuwg0hucogpic3lnb-960x500.jpeg?token=9ff0edc9c54f432da5151fa9fe6e86ae

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі (DHS) 30 сәуір күні Орталық Азия елдерінің жүзден астам азаматы отанына қайтару үшін рейс ұйымдастырып, оның барлық шығынын өтегені үшін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс білдірді. Бұл туралы DHS баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Біз Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке 131 заңсыз иммигрантты өз отанына қайтару үшін рейс ұйымдастырғанына алғыс айтамыз», – деді министрлік басшысы Кристи Линн Ноэм.

DHS мәліметінше, Өзбекстан өз азаматтарын елге қайтару бойынша депортация шарасының барлық шығындарын толықтай қаржыландырған. Бұл операция екі ел арасында қауіпсіздік саласындағы тығыз ынтымақтастықты көрсетеді және АҚШ-тың өзге одақтастарына үлгі бола алады, делінген хабарламада.

«Біз Өзбекстанмен өзара қауіпсіздікті нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз», – деп қосты Ноэм.

Депортациялық рейстің жолаушылары арасында өзбектерден бөлек Қазақстан және Қырғызстан азаматтары да болған. Олардың барлығы АҚШ аумағында заңсыз жүргені анықталып, депортациялануға жататын шетелдіктер тізіміне енгізілген.

30 сәуірге Нью-Йорктен Ташкентке арнайы чартерлік рейс ұйымдастырылатынын Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов алдын ала хабарлаған болатын.

«Бұл репатриациялық бастама шетелде қиын жағдайға тап болған Өзбекстан азаматтарының құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған және халықаралық нормалар, міндеттемелер мен адам құқықтары аясында жүзеге асырылуда. Рейс виза тәртібін бұзған немесе АҚШ-та заңды болу мерзімі өтіп кеткен азаматтарды елге қайтаруға арналған. Репатриация процесі гуманистік және құқықтық қағидаттарға сүйене отырып, азаматтардың абыройлы әрі қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Бурханов.

Айта кетейік, АҚШ-тың президенті Дональд Трамп миграциялық саясатты қатаңдататынын бірнеше рет мәлімдеген. 2025 жылғы 20 қаңтарда өткен инаугурациядан кейін елден заңсыз жүрген шетелдіктерді депортациялау басталды. 2024 жылдың қараша айының соңындағы АҚШ билігінің мәліметінше, депортациялануы тиіс азаматтар саны: 975 өзбекстандық, 369 қазақстандық, 319 қырғызстандық, 149 тәжікстандық және 40 түрікменстандық.

Еске салсақ, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі бұған дейін заңсыз жүрген қазақстандықтарды өз еркімен елге оралуға шақырып, оларға жеңілдіктер қарастырылатынын хабарлаған болатын.

Бұған қоса, биыл ақпанда АҚШ-та көші-қон заңын бұзды деген күдікпен бірнеше қазақстандық ұсталған. Коста-Рика Трамп әкімшілігі тұсында депортацияланған алғашқы 200 мигрантты қабылдаған, олардың арасында үш қазақстандық болған.

Comments