Оралда экологиялық басқаруды цифрландыру мәселелері талқыланды

619
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6Jt6Y7Vu1eefcu3ATxTolzYg1l7ftqnEzy7VrKvP.jpg

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «КПО б.В.» компаниясы «Uralsk Green Forum — 2026» IX өңірлік экологиялық форумын өткізді. Гибридті форматта ұйымдастырылған жиынға мемлекеттік органдардың, мұнай-газ саласы мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, гидрометеорологтар, IT саласының мамандары және экология бағытындағы сарапшылар қатысты.

Форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Энергетика, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары да қатысып, экологиялық басқару жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, осы бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырмалар берген болатын. Форум осы міндеттерді жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, бизнес, ғылым және қоғам өкілдері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Жиын барысында қоршаған ортаны бақылау, экологиялық тәуекелдерді алдын ала анықтау және табиғи ресурстарды тиімді басқару үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Қатысушылар еліміздің, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының тұрақты даму бағыттарын назарға алды.

Пленарлық отырыста Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Асхат Қожұмов «Мониторингтен алдын ала бақылауға дейін: экологиялық деректер шешім қабылдауға қалай көмектеседі?» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономика жөніндегі кеңестің мүшесі, «Green Academy» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина «Орталық Азиядағы 6.8-бап бойынша алғашқы цифрлық платформа» тақырыбын таныстырды.

БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен өңірде Smart Ecology жобасы тиімді жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Форум аясындағы диалог алаңында қатысушылар тұрақты даму саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің экологиялық бастамаларды іске асырудағы өзара іс-қимылын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумдар алмасты.

Comments
Other materials