Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында екі адам мінген үрлемелі қайықты қатты толқын ашық теңізге алып кеткен, деп хабарлайды “Адырна”.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар оларды аман-есен жағаға жеткізді.
ТЖМ Instagram парақшасындағы мәліметке сүйенсек, теңіздегі толқынның күшеюіне байланысты екі ересек адам мінген қайық жағадан алыстап, ашық теңізге қарай ығысқан.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде екі адам жағадан 3 шақырым қашықтықтан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.
Сонымен қатар құтқарылған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін оларға қатысты екі хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
