Фото:Anadolu Ajensi
Еуропа одағына мүше 27 елдің көшбасшылары 2028–2034 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бюджеттің жалпы көлемі жөнінде келісімге келе алмады. Бұл мәселе Брюссельде өткен ЕО саммитінің басты тақырыбына айналды. Келіссөздер келесі айда жалғасады. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта мен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Брюссельде өткен ЕО саммитінің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Коштаның айтуынша, саммиттің басты тақырыбы 2028–2034 жылдарға арналған ЕО-ның ұзақ мерзімді бюджеті болды.
Оның сөзінше, көшбасшылар үш негізгі мәселеге назар аударған: бюджеттің жалпы көлемі, қаражатты басым бағыттар арасында бөлу және бюджетті толықтырудың жаңа кіріс көздерін іздеу.
Кошта саммитке қатысушылардың ортақ мәмілеге келе алмағанын мәлімдеді.
«Біз бюджеттің жалпы көлемі бойынша келісімге келе алмадық. Кейбір мүше мемлекеттер қосымша қысқартулар енгізуді талап етті. Елдердің басым бөлігі шығындарды одан әрі азайтуға қарсы болды. Ал кейбір мемлекеттер, атап айтқанда, ынтымақтастық саясатын қаржыландыруды қысқартудан бас тартуды ұсынды», – деді ол.
Еуропалық кеңес төрағасы ЕО елдерінің басым көпшілігі ауыл шаруашылығы мен ынтымақтастық саясатына бөлінетін қаражатты қысқартуға қарсы екенін атап өтті. Сондай-ақ бюджетке жаңа кіріс көздерін тарту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Кошта жаңа бюджет 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі үшін түпкілікті келісімге жыл соңына дейін қол жеткізу қажеттігін баса айтты.
Оның пікірінше, келіссөздер барысында мүше мемлекеттердің өз ұлттық мүдделерін қорғауы – заңды құбылыс. Сонымен қатар ол жаңа бюджетті бекіту үшін барлық елдің бірауыздан келісімі қажет екенін еске салды.
Кошта саммитте Еурокомиссияның Украинаға қосымша 45 млрд еуро көлемінде несие беру туралы ұсынысы да талқыланғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл бастаманы ЕО-ға мүше 24 мемлекет қолдаған.
Коштаның нақтылауынша, Болгария көмек көрсетуге оның тек әскери емес бөлігі бойынша ғана қосылуға дайын. Бұл мәселе желтоқсан айында қайта қаралады.
Еуропалық кеңес төрағасы көшбасшылардың Еуропалық орталық банк (ЕОБ) басшысы Кристин Лагардпен оның қазіргі өкілеттік мерзімі аясындағы соңғы кездесуін өткізгенін айтып, банк басшысы ретіндегі табысты жұмысы үшін алғыс білдірді.
Кошта көшбасшылардың ЕОБ басшысы лауазымына Пабло Эрнандес де Косты, ал банктің атқарушы кеңесіндегі тағы екі орынға Лоранс Бун мен Маркус Бруннермайерді ұсыну жөнінде шешім қабылдағанын хабарлады.
«ЕО көшбасшылары Еуропалық парламент пен ЕОБ Басқарушылар кеңесінің ЕО Кеңесі ұсынған үш кандидат жөніндегі пікірін алу рәсімін бастауды ұйғарды. Түпкілікті шешім желтоқсан айындағы келесі отырыста қабылданады», – деді ол.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен өз кезегінде бюджетке жаңа кіріс көздерін тарту мәселесінде ілгерілеушілік бар екенін айтып, цифрлық қызметтерге салынатын салық ұсынысына кең қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Бюджет бойынша бұған дейін ұсынылған екі ымыралы нұсқада шығындарды едәуір қысқарту қарастырылғанын еске салған фон дер Ляйен келісімге келу қажеттігін түсінетінін, алайда ЕО бұған дейін келісілген басымдықтарды сақтауы керектігін мәлімдеді.
Оның айтуынша, саммиттегі талқылаулар пайдалы болғанымен, келісімге қол жеткізу үшін әлі де ауқымды жұмыс атқару қажет.
Фон дер Ляйен 2027 жылы Украинаға 45 млрд еуро көлемінде қаржылай көмек көрсету туралы ұсыныстың кең қолдау тапқанына қанағаттанатынын жеткізді.
«Біздің стратегиямыз айқын. Біз Украинаға келіссөздер үстеліне мықты позициямен отыруы үшін барлық қажетті мүмкіндікті ұсынамыз. Алғашқы қадам – тұрақты әрі болжамды қаржылық және әскери қолдау», – деді ол.
Еурокомиссия 2028–2034 жылдарға арналған ЕО бюджетін шамамен 2 трлн еуро көлемінде ұсынған болатын. Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта мүше мемлекеттер арасында ортақ келісімге қол жеткізу мақсатында бұл соманы 204 млрд еуроға қысқартуды ұсынды.
Алайда бюджеттің неғұрлым шағын болғанын қалайтын Германия, Австрия, Бельгия, Дания, Финляндия, Нидерланд және Швеция ұсынылған қысқарту көлемін жеткіліксіз деп санады.
Финляндия премьер-министрі Петтери Орпо бұл елдердің келісім беруі үшін бюджетті жалпы 250 млрд еуроға қысқарту қажет екенін мәлімдеді.
Ал басқа бірқатар мемлекет фермерлерге берілетін субсидиялар мен экономикалық тұрғыдан әлсіз аймақтарға бөлінетін қорлардың сақталуын талап етті. Балтық жағалауы елдері де қорғаныс шығындарын 39 млрд еуроға қысқарту ұсынысымен келіспейтінін білдірді.
Бюджетті едәуір қысқартуды талап еткен жеті елдің көшбасшысы Коштаның келіссөздерді ұйымдастыру тәсіліне наразылық танытып, кешкі уақытта өткен шағын құрамдағы кездесулерге қатысудан бас тартты.
Түн ортасына таяу барлық көшбасшы қайтадан бас қосқанымен, бюджеттің жалпы көлемі бойынша келісімге келе алмады.
Осылайша, екі күнге жоспарланған саммит 27 қарашаға қараған түні аяқталды. Көшбасшылар жұма күні қайта кездесуді жоспарламады.
Бюджет жөніндегі келіссөздер 17 желтоқсанда Брюссельде өтетін ЕО саммитінде жалғасады.
