Әлемдік рейтинг. Қазақстан ағылшын тілін меңгеруде артта қалды

269
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ch3DNVdsWhtG8uxxbDUCsdu9XZtsEdL8HgpcrT8q.jpg

Қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі әлі де төмен. Education First халықаралық білім беру ұйымының 2026 жылғы English Proficiency Index рейтингісінде еліміз 117 мемлекет пен аймақтың арасында 99-орынға ие болды. Қазақстан 424 балл жинап, «өте төмен» деңгей санатына енген.

Зерттеу 2025 жылы EF SET тестінен өткен әлемнің 117 еліндегі 2,3 миллион ересек адамның нәтижесі негізінде жасалған.

Ел ішіндегі көрсеткіштерге назар аударсақ, ағылшын тілін меңгеру деңгейі ең жоғары қала – Алматы. Қала 467 балл жинаған. Ал Астана 464 балмен екінші орынға жайғасқан. Өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысы 455 баллмен ерекшеленді.

Тілдік дағдылар бойынша қазақстандықтардың оқу қабілеті жақсырақ нәтиже көрсеткен. Бұл бағыттағы көрсеткіш 450 балды құраса, тыңдап түсіну деңгейі 397 балмен ең төмен нәтиже көрсеткен. Яғни, қазақстандықтарға ағылшын тіліндегі ақпаратты тыңдап қабылдау қиынырақ.

Әлемдік рейтингте Швеция 615 баллмен көш бастады. Одан кейін Австрия, Дания, Германия және Нидерланды орналасқан. Ал Орталық Азия елдері арасында Түрікменстан 71-орынға жайғасса, Қырғызстан 90-орында, Қазақстан 99-орында, Өзбекстан 101-орында, Тәжікстан 110-орында тұр.

Зерттеу барысында Азия елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру ерекшеліктері де анықталған. Сарапшылардың мәліметінше, аймақтағы мемлекеттердің шамамен 70 пайызында тыңдалым ең әлсіз дағды болып отыр. Бұған білім беру жүйесінде грамматика мен мәтін оқуға көбірек көңіл бөлініп, ауызекі сөйлеу мен тыңдау тәжірибесінің жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар есепте жастардың тіл меңгеру деңгейіне қатысты алаңдаушылық білдірілген. Көптеген мемлекетте 18-20 жас аралығындағы азаматтардың ағылшын тілін білу көрсеткіші соңғы жылдары төмендеген. Сарапшылар бұл жағдайдың еңбек нарығындағы жастар мүмкіндіктеріне кері әсер етуі ықтимал екенін атап өтеді.

Мамандардың пікірінше, ағылшын тілін оқытуда тек грамматика мен мәтін түсінуге басымдық бермей, тыңдалым және еркін сөйлеу дағдыларын қатар дамыту қажет. Бұл үшін білім беру бағдарламалары мен жұмыс орындарындағы тіл үйрету курстарын жетілдіру маңызды.

Comments