Болат Назарбаевтың отбасы мен әкімдік арасындағы жер дауы немен аяқталды?

203
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UTgBBMDHwey9e0y1sLuC5JqG9haaVKAPMXiSfuaR.jpg

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі Болат Назарбаевтың отбасын сотқа берді. Жауапкерлер ретінде оның жұбайлары, балалары және тағы бірнеше адам тартылды. Алайда іс қарауға дейін жетпеген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Талап арызда әкімдік жерді кезінде жеке меншікке беруге негіз болған құжаттарды жарамсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған. Олардың қатарында жер учаскесін заңдастыру туралы шешім, жерді беру немесе қайта рәсімдеу жөніндегі әкімдік қаулылары, сондай-ақ қабылдау комиссияларының актілері бар. Талапкердің пікірінше, жер учаскесі мен ондағы жылжымайтын мүлік заң талаптарын бұза отырып рәсімделген.

Жауапкерлер тізімінде жеті адам көрсетілген. Олардың арасында Нұрбол Назарбаев (Болат Назарбаевтың ұлы), сондай-ақ алты әйел бар. Олардың ішінде Гүлнұр Дүйсебаева мен Динара Назарбаева – бұрын Болат Назарбаевтың ресми әйелдері болған, Жұлдыз Ташова – БАҚ беттерінде оның бейресми әйелі ретінде аталған және басқалар.

Бұл істің тағы бір назар аударарлық тұсы – жер дауын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қараған. Бұған даудың бала мүддесіне қатысты болуы себеп болуы мүмкін.

Десе де, Болат Назарбаевтың отбасынан жерді қайтару туралы шулы іс басталмай жатып, нәтижесіз аяқталды. Бұған әкімдіктің іс-әрекеті себеп болған. Шенеуніктер бұл процесті өздері бастап, істің қозғалуына қол жеткізгенімен, кейін процестерге келуді қойған.

14 қыркүйекте алғашқы сот отырысына әкімдік заңгерлері келмеген. 18 қыркүйекте талапкер екінші рет те сотқа келмей, себебін түсіндірмеген. 23 қыркүйекте сот отырысын өткізуге үшінші рет әрекет жасалғанымен, әкімдік өкілдері тағы да келмеген. Оның үстіне, шенеуніктер істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтініш те білдірмеген.

Заңға сәйкес, талапкер дәлелді себепсіз екі рет сот отырысына келмесе және істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтініш бермесе, судья істі қарауға құқылы емес. Нәтижесінде сот талап арызды қараусыз қалдырған. Заң тұрғысынан алғанда, бұл жауапкерлердің ақталғанын немесе олардың талаптарының заңдылығы мойындалғанын білдірмейді. Мұны уақытша тоқырау немесе шартты түрде «техникалық тең нәтиже» деуге болады. Сот жердің Назарбаевтар отбасына заңды түрде берілген-берілмегенін анықтаған жоқ. Яғни, дау әлі де шешімін таппаған.

Тамызда да осыған ұқсас оқиға болған еді. Бірақ ол кезде «Сот кабинетінде» Қарасай ауданының прокуроры талап арыз берген іс пайда болған. Жауапкерлер ретінде аудан әкімі, аудандық жер қатынастары бөлімі және үш компания тартылған. Олардың бірі – Kurylys LTD – Болат Назарбаев Алматыдағы «Алтын Орда» базарына иелік еткен компания.

Сонымен қатар жауапкерлер ретінде Болат Назарбаевтың жесірі, ұлы Нұрбол және Болат Назарбаевтың тағы 13 баласы (олардың мүддесін сотта заңды өкілдері қорғады) көрсетілген.

«Жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен қабылдап алу-тапсыру актісі жарамсыз деп танылсын»,– делінген талап арызда.

Болат Назарбаевтың балалары бұған дейін де сотқа тартылған. «Сот кабинетінде» олар әлеуетті жауапкер болған бірнеше іс бар.

Бір талап арызды «Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі берген. Ол Болат Назарбаевтың әйелі мен балаларынан «негізсіз баю» сомасын өндіруді талап еткен. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот бастапқыда бұл іс өзінің құзырына жатпайды деп есептеп, талап арызды қайтарып тастаған. Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған. Сот бұл дау кәмелетке толмаған жауапкерлердің құқығына қатысты екенін көрсетіп, материалдарды мәні бойынша қарау үшін мамандандырылған сотқа қайтарған.

Екінші талап арызды Қаржы министрлігі берген. Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы», Болат Назарбаев және оның мұрагерлеріне, соның ішінде балаларына қарсы сотқа жүгінген. Комитет мәмілені жарамсыз деп танып, шығынды өндіруді талап еткен. Нақты қандай мәміле туралы сөз болып жатқаны белгісіз.

 

 

Comments
Other materials