Мехикода Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды

314
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZEkKElthCdHggNpY0xhiCSXbSsBKADQkkz7TiBh6.webp

Фото: dimashnews.com

Мексиканың астанасы Мехикода әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы мен өнердегі жетістіктеріне арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Бұл туралы dimashnews басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

«Ұлы қазақ даласынан Мексиканың жүрегіне дейін» деп аталатын экспозиция арқылы мексикалық көрермендер қазақстандық өнер иесінің шығармашылығымен және қазақ мәдениетімен жақынырақ таныса алады.

Көрменің салтанатты ашылуы 19 қарашада тарихи Casa de Carranza музейінде өтті. Іс-шара Димаш Құдайбергеннің Мехикодағы DIMENSIONS әлемдік туры аясында жоспарланған екі концертінің алғашқы күнімен тұспа-тұс келді. Экспозицияны әншінің мексикалық жанкүйерлері музей әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырған.

Көрмеге Димаштың шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдерді, сахнадағы өнерін және халықаралық жетістіктерін бейнелейтін фотосуреттер қойылған. Ашылу рәсіміне әншінің анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева мен Қазақстанның Мексикадағы консулы Данияр Қаратаев қатысты.

Светлана Айтбаева көрмені ұйымдастыруға үлес қосқан мексикалық жанкүйерлерге ризашылығын білдірді. Ол жергілікті көрермендердің Димаш шығармашылығына деген қызығушылығы мен ықыласын ерекше атап өтті. Сондай-ақ екі ел халқын жақындастыратын бейбітшілік, бірлік, отбасы құндылықтары мен ұлттық дәстүрге құрмет секілді ортақ ұстанымдарға тоқталды.

Экспозицияның тарихи Casa de Carranza музейінде өтуі де символдық мәнге ие. 1908 жылы салынған ғимаратта 1919–1920 жылдары Мексика президенті Венустиано Карранса тұрған. Бүгінде музей қорында оның өмірі мен қызметіне, сондай-ақ ХХ ғасырдың басындағы Мексика тарихына қатысты тарихи құжаттар, фотосуреттер және жеке заттар сақталған.

Сонымен қатар көрме бағдарламасы аясында Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Бұл бастамаға Мексика парламентіндегі «Мексика – Қазақстан» достық тобының төрайымы, федералдық депутат Марибель Мартинес Руис қолдау білдірген.

Осылайша, Мехикодағы фотокөрме қазақстандық өнерпаздың халықаралық деңгейдегі танымалдығын танытып қана қоймай, Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың біріне айналды.

Comments