Шығыста сақ қорғандарын заңсыз қазған

87
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YGjkdr8mQMSaEbRNaisw7anOZghjgrfPC8y4H0Hp.jpg

Фото: ЖИ

ШҚО Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешені аумағында сақ қорғандарын заңсыз қазу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Қазір аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметінше, 13 қарашада оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Тексеру барысында археологиялық кешен аумағында «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен бұрын қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталған. Оқиға орнындағы азаматтардың жеке басы анықталып, тиісті материалдар полицияға жолданған.

Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының мамандары, археолог, аудан әкімдігі мен полиция өкілдері аумақты қайта тексерген. Жер қазу жұмыстарының іздері фото және бейнетаспаға түсіріліп, тиісті акт жасалған.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, қар жамылғысына байланысты қорғандардың қазіргі жағдайын толық бағалап, келтірілген залал көлемін анықтау әзірге мүмкін емес. Осыған байланысты қосымша зерттеу жұмыстары 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Қажет болған жағдайда шұғыл археологиялық-құтқару жұмыстары ұйымдастырылады.

Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары негізінде қылмыстық іс қозғалған. Аталған норма адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, сондай-ақ арнайы техникалық құралдар мен жер қазу машиналарын пайдаланып, археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгені үшін жауапкершілік қарастырады.

Comments