АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің ішкі желісі істен шықты

228
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ApSIxqTZg4AKWIEGdyUm7IoNi1X4hUNn2bQiGtkb.jpg

Фото: AP Photo/Patrick Semansky, File

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) құпия ақпаратты сақтау және алмасу үшін пайдаланылатын ішкі желісінде техникалық ақау тіркелді. Бұл туралы CBS News жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Телеарна мәліметінше, оқиға туралы ақпаратты жағдайдан хабардар бірнеше америкалық шенеунік растаған. NSA Net деп аталатын желі агенттіктің ішкі қауіпсіз байланысын қамтамасыз етіп, құпия деректермен алмасу үшін қолданылады.

Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің өкілі жүйеде жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде уақытша іркілістер болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір ішкі жүйелердің жұмысы бұзылғанымен, негізгі міндеттерді орындауға қажетті инфрақұрылым штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ бұл жағдай агенттіктің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігіне әсер етпеген.

Ведомство өкілі агенттік инфрақұрылымы бірнеше деңгейлі резервтік жүйемен жабдықталғанын атап өтті. Бұл жоспарлы жаңарту жұмыстары немесе күтпеген ақаулар кезінде қызметтің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

CBS News дереккөздерінің хабарлауынша, әзірге желідегі ақаудың кибершабуыл салдарынан болғанын растайтын ешқандай дәлел жоқ. Екі дереккөз мәселе жүйелерді жоспарлы жаңарту кезінде туындағанын айтқанымен, оқиғаның нақты себептері әлі толық анықталмаған.

Ақаудың салдарынан агенттік Мэриленд штатындағы Форт-Мид әскери базасында орналасқан штаб-пәтерінде қызметкерлердің жұмыс кестесін өзгертуге мәжбүр болған. Шұғыл емес міндеттерді орындайтын мамандар үшін жұмысқа келудің бөлек кестесі енгізілген.

Дереккөздердің сөзінше, мұндай шешім қызметкерлердің бір уақытта жүйеге жаппай қосылуына жол бермеу мақсатында қабылданған. Осылайша, мамандардың жұмысқа келу уақыты кезең-кезеңімен бөлінген.

Сонымен бірге Форт-Мид әскери кешенінің жалпы жұмысына айтарлықтай әсер болмаған. Ондағы өткізу пункттері мен басқа да қызметтер әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған. Себебі Ұлттық қауіпсіздік агенттігі кешен аумағындағы басқа құрылымдардан бөлек, өз қызметкерлеріне қатысты жеке жұмыс тәртібін белгілей алады.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, агенттіктің кейбір жұмыс процестері АҚШ-тың өзге аймақтарында орналасқан бөлімшелеріне ауыстырылған.

Әзірге NSA Net желісінің нақты қанша уақыт жұмыс істемегені және оның толық қалпына келу мерзімі туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі шетелдік барлау ақпаратын жинау және талдау, киберқауіптерді анықтау мен олардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік коммуникацияларды қорғау міндеттерін атқарады.

Бұл оқиға АҚШ-та бірқатар ірі сервистерде техникалық іркілістер тіркелген кезеңде болып отыр. Дүйсенбі күні Chase, Bank of America және Wells Fargo банктерінің жүйелерінде, сондай-ақ United Airlines әуе компаниясының рейстерді басқару қызметінде ақаулар байқалған.

Бұған дейін АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының шешімімен ел аумағындағы әуе рейстері уақытша тоқтатылған болатын.

Comments