Фото ЖИ көмегімен жасалған
Қазақстанның он өңірінде автокөліктерді ел аумағынан заңсыз шығару ісіне қатысы бар 48 адам ұсталды, деп хабарлайды “Адырна”.
Бұл туралы ІІМ хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер автокөліктерді банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған тұлғалардың атына кепілге рәсімдеген. Кейін көліктерді қайта сату мақсатында шетелге шығарған. Алдын ала мәлімет бойынша, осы схема арқылы елден 56 автокөлік әкетілген.
Қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қою мақсатында ішкі істер министрлігі қызметкерлері бір мезгілде еліміздің он өңірінде арнайы операция жүргізді.
Операция нәтижесінде 48 адам полиция органдарына жеткізілді. Олардың алтауы қылмыстық топтың ұйымдастырушылары болуы мүмкін деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір істің барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеу ішкі істер министрлігінің бақылауында екені хабарланды.
