Өлім жазасы және соғыс қазасы. БҰҰ Ирандағы адам шығынын жариялады

95
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vdpiAr6kpdy3cG4Jj6qm8oYeFr5i7k7cFR79T5q4.jpg

Фото: Anadolu 

Иранда 2026 жылдың басында елдің 31 провинциясын қамтыған жаппай наразылықтар кезінде кемінде 53 мың 777 адам ұсталған. Мыңдаған адам қаза тауып, тұтқындарға қатысты азаптау мен қатыгездік көрсету деректері тіркелген. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының Ирандағы адам құқықтарының ахуалы жөніндегі баяндамасында айтылған, деп хпбарлайды "Адырна".

Иран билігі БҰҰ-ға ұсталғандардың көпшілігі тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін босатылғанын хабарлаған. Алайда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасына түскен мәліметтерде негізсіз тұтқындау, адамдардың із-түзсіз жоғалуы және оларды сыртқы әлеммен байланыссыз ұстау жағдайлары көрсетілген.

Наразылықтар 2025 жылдың желтоқсан айының соңында елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты басталған. 2026 жылғы 8 қаңтарға қарай шерушілердің талаптары саяси өзгерістер жасауға шақырумен толықты. БҰҰ-ның тәуелсіз халықаралық тергеу миссиясы наразылықтарды күшпен басу әрекетін 1979 жылғы революциядан бергі ең қанды оқиға болуы мүмкін деп бағалаған.

Иран үкіметінің мәліметінше, 8-9 қаңтар күндері 3 мың 117 адам қаза тапқан. Олардың 2 мың 427-сі наразылыққа қатысушылар мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері болған. Ал HRANA құқық қорғау ұйымының дерегіне сәйкес, 23 ақпанға дейін 7 007 шеруші, 70 кездейсоқ өтіп бара жатқан адам және қауіпсіздік күштері мен мемлекеттік органдардың 207 қызметкері көз жұмған.

Наурыз айының соңында тағы 11 700-ден астам өлім дерегі тексеріліп жатқан. Интернеттің өшірілуі, адамдардың жоғалып кетуі және қуғын-сүргін қаупі қаза тапқандардың нақты санын анықтауға кедергі келтірген.

БҰҰ баяндамасында қауіпсіздік күштерінің кемінде 14 провинциядағы ауруханалар мен жедел медициналық көмек көрсету орындарында рейд жүргізгені де айтылған. Олар жараланған шерушілерді іздеп, кейбірін ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен. Медицина қызметкерлері де қысым мен қудалауға ұшыраған.

Сонымен қатар түрмелерде тұтқындарды ұрып-соғу, электр тогымен азаптау, суға тұншықтыру әрекетін жасау және аяқ-қолынан іліп қою сияқты қатыгездік деректері тіркелген. Наразылық кезінде ұсталған 30-дан астам әйелдің «Вакилабад» түрмесінде санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда отырғаны хабарланған.

Баяндамада Ирандағы өлім жазасына қатысты жағдай да сынға алынған. 2025 жылы елде кемінде 1 639 адам өлім жазасына кесілген. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында тағы 151 адам осындай жазаға тартылған. Наразылықтарға қатысы бар деген айыппен кемінде 53 адам өлім жазасын күтіп отырған.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен әскери соққыларынан кейін елдегі жағдай одан әрі күрделене түскен. Иранның соғыс шейіттер мен ардагерлер істері жөніндегі қорының мәліметінше, 40 күндік әскери қимылдар барысында 3 мың 468 адам қаза тапқан. Олардың 45 пайызы бейбіт тұрғындар болған.

Иранның сот-медициналық ұйымы 383 баланың және 496 әйелдің көз жұмғанын хабарлаған. Сондай-ақ 28 ақпанда Минаб қаласындағы бастауыш мектепке жасалған соққы салдарынан 168 бала мен мұғалімдері қаза тапқаны айтылған. АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растағанымен, оның нәтижелері әлі жарияланбаған.

Әскери қимылдар салдарынан кемінде 1 200 оқу орны, 240 медициналық орталық пен 50 аурухана зақымданған. 17 миллионнан астам оқушы мен студенттің дәстүрлі форматта білім алу мүмкіндігі шектелген. Сонымен қатар елдегі инфляция 68,9 пайызға жетіп, сәуір айында азық-түлік бағасының өсуі 100 пайыздан асқан.

Осы жағдайларға байланысты БҰҰ Бас хатшысы Иран билігін өлім жазасына қатысты үкімдерді орындауды тоқтатуға, негізсіз ұсталған азаматтарды босатуға және адам құқықтарының бұзылуы туралы деректерді тергеуге шақырды.

Comments
Other materials