АҚШ-тағы белгілі телеарнада қазақстандық журналист басшылық қызметке тағайындалды

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/r1WwH2Wq0B2bwd8SYWxsB2I5KhZknSqVI5UUIuVq.jpg

Қазақстандық журналист Талғат Алманов АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында орналасқан ABC 7 телеарнасында Executive Reporter қызметіне тағайындалды. Бұл туралы «Хабар» агенттігінің бұрынғы басшысы, журналист Ринат Кертаев әлеуметтік желідегі жазбасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Жаңа қызметінде Талғат Алманов жаңалықтар бөлімінің жұмысын үйлестіріп, журналистер мен продюсерлердің қызметін қадағалайды. Сонымен қатар жаңалықтардың сапалы әрі көрерменге уақытылы жетуіне жауапты болады.

Медиамаман репортаждар әзірлеу және зерттеу журналистикасымен айналысуды да жалғастырады.

Ринат Кертаев қазақстандық медиамаманның АҚШ-тағы телеарнада басшылық қызметке тағайындалуын отандық журналистика үшін маңызды оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, Талғат Алмановтың кәсіби жетістігі қазақ медиашежіресінде ерекше орын алуы мүмкін.

«Нью-Йорктің әйгілі ABC 7 (Буффало) телеарнасында медиаменеджер қазақ бар деп қуанатын болдық», – деп жазды ол.

Кертаев сондай-ақ әлемдік деңгейдегі медиамамандардың Қазақстанда лайықты бағаланбай жүргеніне өкініш білдіріп, Талғат Алмановтың болашақта АҚШ-тағы телеарналардың бірін басқаруға әлеуеті бар екенін атап өтті.

Талғат Алманов та жаңа қызметіне тағайындалғанын әлеуметтік желідегі парақшасында растады. Ол өзіне осындай жауапты міндет жүктеген телеарна басшылығына алғыс айтып, көрсетілген сенімді ақтауға бар күшін салатынын жеткізді.

“Маған осындай жауапты міндетті сеніп тапсырған басшылығыма ерекше алғысымды білдіремін. Көрсетілген сенімді ақтап, жаңа қызметімді абыроймен атқару үшін бар күшімді саламын!“ – деп жазды ол.

Comments