Темір тұлпардың тілін тапқан жас шебер

848
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Jf9qPCueDZKVzvFDgbpvdpvdfDQWAvkXCdmluzq7.jpg

Астаналық Райымбек көліктің қозғалтқышын орнату, көлік бөлшектерін құрастыру, электр сымдарын жалғау сынды күрделі жұмыстарды ерте жастан үйренген. Қазір ағаларының жанында еңбек етіп, отбасылық кәсіптің дамуына өз үлесін қосып жүр.

Райымбек бұл салаға кездейсоқ келмеген. Автокөлікке деген қызығушылығы 12 жасында ағаларының шеберханасында жүрген кезінен басталған. Алғашында көліктің қалай жұмыс істейтінін бақылап, кейін бөлшектеу мен қайта құрастыруды үйренген. Содан бері қолынан құрал-сайманын тастаған емес.

Бүгінде ағайындылардың ортақ кәсібі – көлік жөндеу, қосалқы бөлшектер сату және автокөлікті бөлшектеу орталығы. Апатқа ұшыраған, жөндеуге келмейтін көліктер әкелініп, олардың жарамды бөлшектері ажыратылады. Мамандар әр бөлшектің жағдайын тексеріп, қайта пайдалануға болатындарын сұрыптайды. Ал жарамсыздары кәдеге жаратуға жіберіледі. Райымбек те осы жұмыстың қыр-сырын меңгеріп келеді.

Жас шебер жақында тағы бір жаңа жобаны қолға алған. Ол көліктің шанақ бөлігін жөндеп, электр жүйесін толық ретке келтіруді жоспарлап отыр. Бастапқыда күрделі жұмыстан жүрексінгенін де жасырмайды.

«Алғашында қорқыныш болады. Сындырып алмаймын ба, бүлдіріп алмаймын ба деп ойлайсың. Бірақ уақыт өте келе өзіңе сенімді болу керек екенін түсінесің. Білмеген нәрсеңді білетін адамнан сұраған дұрыс»,- дейді Райымбек.

Бір қызығы, жасөспірім бұған дейін саудамен айналысып, велосипед те құрастырып көрген. Ал автомеханикаға деген қызығушылығы ағаларының жанында жүріп арта түскен. Үлкендерінен үйренген тәжірибесі бүгінде өзіне үлкен көмек.

Райымбек үшін әулеттің үлкендері – әрі әріптес, әрі ұстаз. Он шақты адам еңбек ететін орталықта әркім өз міндетін атқарады. Мұнда жұмыстың нақты аяқталу уақыты әрдайым бірдей емес. Себебі көлікті сапалы жөндеу үшін асығыстыққа жол беруге болмайды.

Жас шебер еңбегінің алғашқы табысын да ұмытқан жоқ. Ортаңғы дефлекторды ауыстырып бергені үшін алғаш рет бес мың теңге алған. Қазір ай сайынғы табысы шамамен 500 мың теңгеге жуық. Тапқан ақшасын қажеттілігіне жұмсап, бір бөлігін жинауға тырысады.

Көлік иелері де жас шебердің жұмысына оң баға береді. Орталыққа келген жүргізушілер оның кеңесіне құлақ асып, көліктерін сеніп тапсырады. Райымбек әр жұмысты түсіндіріп, ақаудың себебін анықтауға көмектеседі.

Еңбекпен қатар білім алуды да ұмытпайды. Қазір ол 10-сыныпта оқиды. Ал ағалары оның болашағынан үлкен үміт күтеді. Электр көліктеріне сұраныс артып келе жатқандықтан, Райымбекті шетелде оқытып, заманауи технологияға баулымақ.

Отбасындағы тәрбие де оның өмірінде маңызды орын алады. Райымбек өзінен кейінгі бауырларына үлгі болып, оларға да өз үйренгенін үйретуде. Ағаларының айтуынша, баланың бос уақытын тиімді өткізіп, пайдалы іспен айналысқаны маңызды.

Жас шебер жұмыс пен оқуды ғана емес, спортты да қатар алып жүр. Бос уақытында Алатау спорт кешеніне барып, жүзумен айналысады. Оның айтуынша, 45 минутта мың метрден астам қашықтықты жүзіп өтеді.

Райымбектің арманы – болашақта үлкен автосервис орталығын ашу. Алған білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, отбасылық кәсіпті одан әрі дамытуға ниетті. Бүгінде ол сол мақсатына жету үшін ерте жастан еңбек етіп, әр күнін тәжірибе жинауға арнап келеді.

Қазірдің өзінде кәсібінің қыр-сырын меңгерген Райымбек үшін басты жетістік – табандылық пен тынымсыз ізденіс. Оның темір тұлпарға деген қызығушылығы болашақта үлкен кәсіпке айналарына сенім мол.

Гүлбаршын Нұрхан

«Адырна» ұлттық порталы

Comments
Other materials