Өзбекстанда Кинематография агенттігі таратылып, Ташкенттегі «Өзбекфильм» киностудиясының аумағында киноқалашық құрылады. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев 26 қазанда кинематографистермен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ферғанаға сілтеме жасап.
Мирзиёев кино саласын басқарудың жаңа жүйесіне көшетінін жариялады. Енді кино саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру өкілеттігі Мәдениет министрлігіне беріледі. Министрлік жанынан Кино өнері департаменті құрылып, оның басшысына министрдің орынбасарымен тең мәртебе беріледі. Кинематография агенттігі мен оның жүйесіндегі ұйымдар бір ай ішінде таратылуға тиіс.
«Өзбекфильм» мемлекеттік мекемесі де таратылып, оның орнына заманауи бизнес-модель негізінде «Өзбекфильм» ұлттық кинокомпаниясы құрылады. Жаңа компания фильм түсірумен айналыспайды. Кинотуындыларды өндіру толығымен жеке секторға беріледі. Компания жобаларды іріктеу мен қаржыландыруға, фильмдерді ілгерілету мен таратуға, сондай-ақ оларды халықаралық нарықтар мен кинофестивальдерге шығаруға жауапты болады. Компанияның жұмысын бір апта ішінде жолға қою тапсырылды.
Қаржыландыру тетігі де өзгереді. Мемлекет мемлекеттік тапсырыс беру тәжірибесінен бас тартып, субсидиялар арқылы қолдау көрсету жүйесіне көшеді.
«Бұдан былай мемлекет фильмге тапсырыс беруші емес, шығармашылық иелері мен жеке сектордың сенімді серіктесі болады», – деді Мирзиёев.
Жаңа қаржыландыру тетігі бір ай ішінде енгізілуі керек. 2027 жылдан бастап ұлттық кинокомпанияның сұранысы негізінде бюджеттен жыл сайын қаражат бөлінеді.
Президент қазіргі жүйедегі бірқатар мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде бір режиссерге алты жобаға дейін, ал бір авторға жеті жобаға дейін бекітілетін жағдайлар кездеседі. Мұндай жүктеме әр туындымен мұқият жұмыс істеуге кедергі келтіреді.
Тапсырыстардың жартысына жуығы мемлекеттік киностудияларға беріледі. Бұл жеке шығармашылық өкілдері арасындағы бәсекелестікті шектейді. Соның салдарынан сценарий мен фильмнің сапасына емес, тапсырманы тез орындап, «жабуға» басымдық беріледі. Президент өнер туындысын кәдімгі тауар секілді техникалық тапсырма негізінде сатып алудың дұрыс емес екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы фильмдерді прокатқа шығару мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, көрермен кинотеатрға барудан бас тартқан жоқ, тек талғамы мен сұранысы өзгерген.
«Ұлттық фильмдеріміз осы сұранысқа сай келе ме? Өкінішке қарай, жоқ», – деді Мирзиёев.
Президент мұның себебін фильм өндірісінен бастап көрерменге жеткізуге дейінгі тізбектің, яғни дистрибуция жүйесінің қалыптаспағанымен байланыстырды. Сондай-ақ кәсіби киносыншылардың пікіріне жеткілікті деңгейде мән берілмейтінін атап өтті.
Аумағы 10 гектар болатын «Өзбекфильм» киностудиясының жерінде «Өзбекфильм» киноқалашығы атты бірыңғай индустриялық кластер құрылады. Мұнда заманауи технологиялармен жабдықталған дубляж және дыбыстау орталығы салынады. Екі ай ішінде жобалау ұйымын тарта отырып, бас жоспар мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Құрылыс келесі жылдың наурыз айында басталады. Кино саласындағы пайдаланылмай тұрған мемлекеттік активтер ашық саудаға шығарылады.
Кинематографистерге Қуйичирчик ауданындағы «Кохинур» шипажайы беріледі. Ол жақында жөнделіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді кино саласының кемінде 300 қызметкері республикадағы шипажайларда демалу және емделу үшін жыл сайын тегін жолдама алады.
Кино ғылымы мен кәсіби сынның дамуы үшін «Кинотанушылар клубы» құрылады. Ұлттық кинокомпания клубтың қызметін қолдап, оның Халықаралық киносыншылар федерациясына (FIPRESCI) мүше болуына жәрдемдеседі.
Өзбекстанның кинематографистер қауымдастығы мен киноиндустрия өкілдерінің ұйымдары Кино саласы өкілдерінің палатасына біріктіріледі.
Палата өзін-өзі басқару, авторлық құқықтар мен кәсіби мүдделерді қорғау, сондай-ақ жастарды қолдау мәселелерімен айналысады. Ұйымды құру жұмыстары бір ай ішінде аяқталуы керек.
Осы мерзімде кино өндірісінде жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы да әзірленеді. Бағдарлама жаңа білім беру курстарын енгізуді, мамандарды оқытуды және олардың шетелде біліктілігін арттыруды көздейді.
Президент «Өзбекфильм» атауын ұлттық киноның бірыңғай бренді ретінде бекітуді ұсынды. Қазіргі Чиланзар көшесінің бір бөлігіне «Өзбекфильм» атауын беру ұсынылды. Сондай-ақ Кино өнері музейін «Өзбекфильм» музейі, Кино өнері сарайын «Өзбекфильм» кинотеатры, ал Ұлттық кино қорын «Өзбекфильм» ұлттық кино қоры деп атау жоспарланып отыр.
