Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілмеуі мүмкін?

100
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AmUOAydDFpxOi5psyVlcSfw0tgqgyHsv8LnbNAM9.png

Фото ЖИ-мен жасалған

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жаңа ережелерге сәйкес, көмекке өтініш берген азаматтар жеке деректерін өңдеуге, сондай-ақ қаржылық жағдайына қатысты мәліметтерді тексеруге келісім беруге тиіс. 

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін талаптар мен шектеулер көрсетілген. Өтініш берушілердің мүліктік жағдайы, банктік операциялары, алған қарыздары мен жинақтары қаралады. Әрбір өтініш бойынша шешімді комиссия қабылдайды.

Егер отбасының бірнеше баспанасы болса, оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмауы мүмкін. Алайда әр адамға шаққандағы тұрғын үй аумағы 18 шаршы метрден аспаса немесе баспана апатты жағдайда болса, комиссия бұл мән-жайларды ескере алады. Отбасының кіріс түсіретін коммерциялық ғимараты немесе нысаны болса, бұл да көмек тағайындау кезінде ескеріледі.

Тұрғын үйі бар отбасының үй салуға арналған қосымша жер телімі болса, оған АӘК берілмеуі мүмкін. Бұл талап әкімдік кезегі арқылы тегін берілген жер телімдеріне қолданылмайды.

Отбасының бірнеше жарамды көлігі болуы көмек тағайындауға әсер етуі мүмкін. Дегенмен көпбалалы отбасыларға және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға қатысты ерекшеліктер қарастырылған.

Өтініш берілгенге дейінгі тоқсандағы банк шоттары бойынша кіріс пен шығыс көлемі отбасының әр мүшесіне шаққандағы кедейлік шегінен асып кетсе, АӘК тағайындалмауы мүмкін. Бұл ретте салықтар, бюджетке төленетін міндетті төлемдер, сақтандыру жарналары және отбасы мүшелерінің өзара аударымдары есепке алынбайды.

Өтініш берілгенге дейінгі тоқсанда отбасының әр мүшесіне шаққанда 101 мың теңгеден асатын қарыз немесе микрокредит алынған болса, көмек тағайындаудан бас тартылуы мүмкін.

Отбасының жинақ салымы 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса, АӘК берілмеуі мүмкін. Алайда баспана сатып алуға арналған бастапқы жарнаға қатысты ерекшелік қарастырылған.

Жаңа тәртіп бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының нақты қаржылық және мүліктік жағдайы ескеріледі. Сондықтан өтініш берушінің талаптарға сәйкестігі әр жағдайда жеке қаралады.

Comments