35 жыл. Әзербайжан тәуелсіздікті қалпына келтіру күнін атап өтіп жатыр

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/veKLBb9Aki255dYFz1475FEbcb9llSw7dfFSXCrA.jpg

Бүгін, 18 қазан Әзербайжанның мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіргеніне 35 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна".

Report агенттігінің хабарлауынша, 1991 жылғы 18 қазанда Әзербайжан Жоғарғы Кеңесі «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық актіні қабылдаған.

Бұл құжат 1918 жылғы 28 мамырда Әзербайжан Ұлттық кеңесі қабылдаған Тәуелсіздік декларациясына және 1991 жылғы 30 тамыздағы «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы» Жоғарғы Кеңес декларациясына негізделген. Сондай-ақ актіде Әзербайжан Республикасының Әзербайжан Демократиялық Республикасының құқықтық мұрагері екені бекітілген.

Өткен ғасырдың басында әзербайжан халқы тәуелсіз республика құрды. Ал 1991 жылы Әзербайжан Демократиялық Республикасының құқықтық мұрагері ретінде елдің тәуелсіздігі қайта қалпына келтірілді.

1992 жылғы мамырда Әзербайжанның мемлекеттік әнұраны бекітілді. Оның музыкасын Үзеир Гаджибеков жазса, сөзінің авторы — Ахмед Джавад. Кейін елдің үш түсті туы мен жалын және сегіз бұрышты жұлдыз бейнеленген мемлекеттік елтаңбасы бекітілді.

2021 жылғы 15 қазанда Әзербайжан парламентінің пленарлық отырысында «Тәуелсіздік күні туралы» жаңа заң қабылданды. Сол күні президент Ильхам Әлиев құжатқа қол қойды.

Заңға сәйкес, 18 қазанда атап өтілетін Мемлекеттік тәуелсіздік күні Тәуелсіздікті қалпына келтіру күні болып өзгертілді.

Әзербайжанда жыл сайын атап өтілетін бұл мереке ресми мерекелік күн болғанымен, жұмыс күні болып саналады.

Comments
Other materials