АӨСШК саммиті Әлиевтің 23 жыл бұрын алғаш президент болған күніне тура келді

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/29485BZFxVp39Gh2h7CAo7InXMqDG749MKsKUx06.webp

Бүгін, 15 қазанда Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммиті басталады. Бұл күн Ильхам Әлиевтің Әзербайжан президенті болып алғаш сайланған күніне тура келіп отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Саммит Әзербайжанның төрағалығымен, АӨСШК хатшылығының қолдауымен өтеді. Жиынға мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, ұйымға мүше елдердің, бақылаушы мемлекеттердің делегациялары және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Кездесудің негізгі тақырыптары — өңірлік қауіпсіздікті нығайту, Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл.

Бұдан бөлек, көшбасшылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Саммит қорытындысында Лаостың АӨСШК-ге толыққанды мүше ретінде қосылуы туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Бұған дейін 14 қазанда Әзербайжан президентінің атынан саммит қатысушыларының құрметіне арнап ресми кешкі ас берілген еді. Report агенттігінің хабарлауынша, іс-шараға президент Ильхам Әлиев, бірінші ханым Мехрибан Әлиева және олардың қызы Арзу Әлиева қатысқан.

Айта кетейік, 2003 жылғы 15 қазанда Ильхам Әлиев Әзербайжан президенті болып сайланған болатын. Президент сайлауында сайлаушылардың 76 пайыздан астамы Ильхам Әлиевке дауыс берген.

Comments