АҚШ пен Иран өкілдері БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Нью-Йоркте келіссөз өткізді. 22 қыркүйекте өткен кездесу бірнеше айдан бергі екі ел арасындағы алғашқы тікелей келіссөздердің бірі болды.Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Кездесу шамамен үш сағатқа созылған. АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздерді «өте нәтижелі» деп бағалады.
АҚШ делегациясының құрамында Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер болды. Иран тарапынан келіссөздерге Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қатысты. «The New York Times» басылымының мәліметінше, кездесуді өткізуге Катар мен Пәкістан арағайындық жасаған.
Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф келіссөздерден кейін тараптар арасында ұзақ талқылау жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, делдалдар күні бойы АҚШ пен Иран өкілдерінің арасында байланыс орнатуға көмектескен.
«Келіссөздердің бұл раунды сәтті аяқталды. Оның конструктивті әрі болашағы бар нәтижеге әкеледі деп үміттенеміз», – деп жазды Уиткофф X әлеуметтік желісінде.
Иран Ормуз бұғазына қатысты шарттарын ұсынды
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, келіссөз барысында Тегеран Вашингтонға Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастауға қатысты өз шарттарын жеткізген.
Олардың қатарында АҚШ-тың теңіз блокадасын дереу тоқтатуы, санкциялар салдарынан бұғатталған Иран активтерін босату және әскери іс-қимылдарды тоқтату талаптары бар.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолдарының бірі. Сондықтан бұғаз маңындағы кез келген шиеленіс халықаралық энергетикалық нарықтарға әсер етуі мүмкін.
Трамп Иранға қатаң ескерту жасады
Келіссөздер алдында Дональд Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасады.
АҚШ президенті Вашингтонның алдында екі жол тұрғанын айтып, Иранмен келісімге келу немесе елге қарсы әскери шара қолдану мүмкіндігін атап өтті. Трамп Иран келісімге келмеген жағдайда Ислам Республикасын «тез арада жоюы» мүмкін екенін мәлімдеді.
Соған қарамастан, сол күні АҚШ пен Иран өкілдері бірнеше сағат бойы келіссөз жүргізді. Трамп кейін Парсы шығанағы елдерінің көшбасшыларымен кездесуде Иранмен келісімге қол жеткізу үшін «үлкен серпін» бар екенін айтты.
Қазіргі таңда тараптардың нақты қандай келісімге келгені туралы толық ақпарат жарияланған жоқ. Алайда Нью-Йорктегі кездесу АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық байланыстардың қайта жандануына мүмкіндік беретін маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
