Белгілі журналист әрі спорт комментаторы Ғалым Сүлеймен өмірден өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Тараған ақпаратқа сүйенсек, журналистің денсаулығы бір күн бұрын күрт нашарлап, ол шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған. Кейін Ғалым Сүлейменнің жүрегіне байланысты жағдайы күрделенгені белгілі болған.
Ғалым Сүлеймен – спорт журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан журналист, комментатор әрі публицист. Ол Олимпиада ойындарынан жасаған репортаждары, бокс пен күрес жарыстарындағы кәсіби талдаулары және спорт тақырыбындағы көркем жазбаларымен танылды.
Сүлеймен Нагано, Сидней, Ванкувер және Лондон Олимпиадаларында тілші ретінде жұмыс істеп, әлемдік додалардың маңызды сәттерін оқырманға жеткізді. Сонымен қатар бірнеше әлем және Азия чемпионаттарынан, халықаралық турнирлерден репортаждар мен жолжазбалар жазды.
Комментатор ретінде ол бокс, күрестің барлық түрі, ауыр атлетика және басқа да спорт бағыттарына маманданды. Қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы көптеген маңызды бәсекелері оның дауысымен көрерменге жетті.
Ғалым Сүлеймен – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы республикалық спорт журналистикасы сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ «Шабыт» халықаралық фестивалінде «Журналистика» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, екі рет Қазақстанның үздік спорт журналисі деп танылған.
Оның журналистикадағы тағы бір ерекшелігі – спортты әдеби тілмен жеткізе білуі. Зерттеушілер Сүлейменді спорт тақырыбын көркем әрі публицистикалық тұрғыда жазған қаламгерлердің қатарында атайды. Оның очерктері бір күндік жаңалықпен шектелмей, оқырманға әдеби шығарма секілді әсер қалдырды.
A record amount. Astana administration will spend 2.6 billion tenge on preparations for the new year
